Work and Travel бағдарламасы: АҚШ-та 200 қазақстандық студент далада қалды (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:51
- 1
Турға қатысушылардың бірі Ақерке сапарға 190–200 адам қатысқанын айтады. Олардың басым бөлігі - 18 бен 21 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары екен. Тур құны бір адамға 1100 долларды құраған. Туристік агенттік қатысушыларға Сан-Францискоға баруды және Лос-Анджелестегі шопингті қамтитын мазмұнды сапар уәде еткен.
"Мен Америкада J-1 визасы бойынша Work and Travel бағдарламасының қатысушысымын. 3 ай жұмыс істеп, бір ай саяхаттауды жоспарлағанбыз. Осы саяхат үшін мен компаниядан 1100 долларға тур сатып алдым. Менің легіме 190–200 студент жиналды. Әрқайсысы 1100 доллардан төледі, бірақ тур тиісті деңгейде өтпеді", - деді қыз.
Алайда турдың алтыншы күні, жоспар бойынша топ Лос-Анджелестен Сан-Францискоға аттануы тиіс кезде, автобустармен мәселе туындап, сапар тоқтатылған.
Ақеркенің айтуынша, ұйымдастырушылар мұның себебін автобустардың бірінің зақымдануымен түсіндірген. Оның алдында қатысушыларға автобус ішінде жарылған қарбыздың суреттері жіберілген. Кейінірек гидтердің бірі топқа көлік мәселесінің дәл осы жағдайға байланысты туындағанын хабарлаған. Кейінірек қатысушыларға оқиға салдарынан төрт автобустың бірі істен шыққаны, ал қалғандары да барудан бас тартқаны түсіндірілген.
Бұл ретте Ақерке жарылған қарбыз студенттердікі емес екенін алға тартады.
"Бұл қарбыз екі жүз студенттің ешқайсысына тиесілі емес еді. Ол не ұйымдастырушылардыкі, не жүргізушілердің өзінікі болды, біз түсінбедік", - деп атап өтті ол.
Лос-Анджелеске қайтып келгеннен олар үш-төрт сағат әуежайда болған. Қонақүйге дейін трансфер уәде етілгенімен ешқандай жағдай жасалмаған. Тіпті қонақүй брондалмаған. Ұйымдастырушы бөлмелердің ақысын банктік картамен төлей алмағаны белгілі болған. Соның салдарынан 200-ге жуық студент брондалған қонақүйсіз, трансферсіз және қажетті қаражатсыз қалған.
"Лос-Анджелес. Үлкен қала. Түнгі сағат 10-да бізді қонақүйсіз жалғыз қалдырып, "өздерің іздеңдер" деді. Компания өз міндеттемелерін орындамай турды аяқтады, түн ішінде бейтаныс жерде 200 адамды тағдыр тәлкегіне тастап кетті, олардың көбі 19 жаста", - деп кейіді қыз.
Бұл жағдайға Сыртқы істер министрлігі Лос-Анджелестегі сапарын ұйымдастырушылармен байланыста екенін атап өтті.
"Қолда бар мәліметтерге сәйкес, азаматтарымыздың басым бөлігі Қазақстанға ұшып кетті немесе жолда келе жатыр, кей қатысушылар кері рейс күніне дейін Лос-Анджелесте қалуы мүмкін. Әуебилеттерді азаматтардың өздері сатып алғандықтан және қайту бағыттары әртүрлі болғандықтан, қазіргі уақытта барлық қатысушы елден шыққанын растау мүмкін емес", - деп хабарлады СІМ.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығы жағдайды бақылауда ұстап отыр және отандастарымызға қажетті консулдық көмек көрсетуге дайын.



