Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Каспий теңізінде опат болған сарбаздар жер қойнына тапсырылды

Каспий теңізінде опат болған сарбаздар жер қойнына тапсырылды
Сурет: Маңғыстау облысы әкімдігі
Маңғыстауда Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде опат болған сарбаздарды туыстары ақтық сапарға шығарып салды.

Әскери қызметшілермен қоштасу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халық кеңесінің мүшелері, өңірдегі шенеуніктер мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Рәсімге қатысушылар мерт болған жауынгерлердің туған-туысы мен жақындарына орны толмас қайғыға ортақтасып көңіл айтты. Отан қорғаушылардың рухына құран бағышталды. Марқұм сарбаз, самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері, 20 жастағы Сержан Аяпбергенді ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне жүздеген адам жиналды. Қоштасу орнының маңында жедел жәрдем көлігі кезекшілікте тұрды.

Мүфтият өкілі Қабылбек Әліпбайұлы да марқұм сарбаздардың туыс-туғандарын сабырға шақырып, басу айтты.

«Бауырлар, Алла құранда айтқан: «осындай егіндеріңді шығармай қойып сынаймын, саудаларыңды жүргізбей қойып сынаймын, араларыңнан жақсы көретін балаларыңды немесе туыстарыңды алып қойып сынаймын» дейді. Бірақ оған сабыр етіп, баршамыз Алладан келдік, Аллаға қайтушымыз десеңдер, оларға ерекше сый-сияпат, сауап болады дейді. Сол үшін, міне, бауырларымыз жерге сүйегі қайтарылды. Олар шын өмірге енді кетті».

Әскери оқу-жаттығу кезінде ажал құшқан сарбаз Алмас Көбеновтің туыстары сол күні марқұмның анасына ота жасалғанын айтады. Шешесі ішектегі қатерлі ісікке шалдыққан. Әскерилер қаралы күні мәйітханадан ұлының денесін алып кетуге шақырыпты. Ауыр хабар жанына батқан әке баласының не өлі, не тірі екенін білмей, мәйітхананың алдында төрт сағат күткен.

«Сағат тоғызда дәрісін салып, химиясын алып болғаннан кейін естіді ғой. Осындай бала, сондай жаттығуда суға кетіпті. Бұл кісінің телефонын өшіруге тырыстық, Интернеттен ажыратып тастадық. Мейірбикелерге әкөрмесін, ауыр болады ғой, өзіне қиын болады, химиядан кейін бір аптадай жеңгем өзіне келе алмайды» деген. Жағдайы болмай қалады, орнынан тұра алмай», - деді марқұмның ағасы Нұрлан Оразалиев. 

Сол күні экс-қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыына барды. Президент тапсырмасына сәйкес, оларға қажет көмек көрсетілуде. Марқұмдардың туыстарына беріліп жатқан қаражатты жинақтау мақсатында арнайы қор құрылып, көп уақыт өтпей, ақша қабылдау ресми түрде тоқтатылды.

«Арнайы комиссияның жетекшісі ретінде, жақын арада осы жиналған қаражат қаза болғандардың отбасы мен зардап шеккендерге әділетті түрде және біркелкі бөлінетінін сеніммен айтамын. Оның ашықтығын комиссия құрамына кірген мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері де қадағалайды. Қаржылай көмек қайғының орнын толтыра алмайтынын түсінеміз. Дегенмен осындай ауыр жағдайда отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету – біздің парызымыз», - деді Маңғыстау облысы
қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов.

Қор төрағасы қиын уақытта сенім білдіріп, қайғыға ортақтасқан барша қазақстандықтарға алғысын айтты.
 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар