Астанада бұрынғы күйеуі пышақтап кеткен әйелдің өлімінен кейін 4 полицей ұсталды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:45
- 51
Полиция департаментінің мәліметінше, 30 жастағы тұрғынынның өліміне байланысты тәртіп сақшылары қатаң шаралар қабылдап жатыр. Осыған дейін хабарланғандай, күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Жасаған қылмысы үшін ол заң алдында қатаң жауап береді.
ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті жауапты қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеру жүргізді.
«Тексеру нәтижесінде төрт қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Екі аудандық полиция басқармасының бастықтары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бір орынбасары қызметінен босатылды. Департамент бастығы мен оның тағы бір орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, қызметке салғырт қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы іс аясында полицияның бұрынғы төрт қызметкері ұсталды», – делінген Астана қаласының Полиция департаменті хабарламасында.
Тергеу жалғасып жатыр. Істің тергелу барысы Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында.
Еске салсақ, 23 қыркүйек күні 30 жастағы Жазира Адауованы бұрынғы күйеуі Талғат Қамиден пышақтап өлтіріп кеткен. Қайғылы оқиғаға дейін әйел бұрынғы күйеуі қыр-соңынан қалмай, мазалап жүргені туралы полицияға бірнеше рет шағым түсірген. Алайда істі бір қарап, қайта ауыстырған. Ал Талғат Қамиден бұл уақытта емін-еркін бостандықта жүрген. Қайғылы оқиға болған түні ол бұрынғы жұбайына 16 жерден пышақ сұғып алған.



