4 қазаннан бастап Алматыда коммуналдық ақылы тұрақтардың тарифтері өзгереді. Баға жолдардың жүктемесі мен тұрақ орындарына деген сұранысқа байланысты болады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Көлік жүктемесі төмен жерлерде тариф сағатына 100 теңге деңгейінде сақталады. Жүктеме орташа учаскелерде баға сағатына 150 теңге болады. Ал тұрақ орындары тапшы, сұраныс ең жоғары аймақтарда - сағатына 200 теңге.
"Бұл ретте іргелес үйлердің тұрғындары үшін тұрғылықты жері бойынша тұрақтарды тегін пайдалану мүмкіндігі сақталады. Ақылы тұрақ аймағында тұратын үй иелері өз үйінің жанындағы таңдалған тұрақта бір көлік құралын тегін қоюға арнайы рұқсат рәсімдей алады", - деді ведомстводағылар.
Сондай-ақ пайдаланушылардың кейбір санаттары үшін жеңілдіктер сақталады.
Жаңа тарифтер тұрақ орындарын тезірек босатуға, тұрақ іздеу уақытын қысқартуға және тоқтау мен тұру қағидаларын бұзу жағдайларын азайтуға көмектеседі деп күтіледі.



