Басты жаңалықтар
Астанада екі жасар сәбиді ұрып-соққан балабақша тәрбиешісі қызметінен кетті
- автор kyn.kz
- 20 шілде, 2018
- 277
Жұмысына енді орналасқан балабақша тәрбиешісі бірінші күннің өзінде бүлдіршіндерге қол жұмсаған
Екі жасар бейкүнә сәбиді ұрып-соққан балабақша тәрбиешісі ақыры қызметінен кетіп тынды. 34 жастағы келіншек бұған дейін еш жерде жұмыс істемеген екен. Ал бұл қызметке кіргеніне жеті ай ғана болыпты. Алайда, бастапқыда бала күтуіші болып орналасқан ол тәрбиеші қызметіне ауысқан күні-ақ, бүлдіршіндерге қол жұмсаған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Ол жылады. Мен сұрадым, не үшін жылайсың деп. Ол айтты мені апай ұрды, соқты. Құлағымнан тартты деп» - дейді ата-ана.
Камила Серғалиева баласынан мұндай сөзді естігенде, бастапқыда не дерін білмей қалған. Ақиқатын білмек болып, камераны қарағанда жағасын ұстаған. Тәрбиеші Жадыра Ермекбаева ұлы жатқан төсекке отырып алып, құлағынан бұрап, ұрып-соғады. Онымен қоймай, өзге де балаларға қол жұмсағаны бәрі жазылып қалған.
«Мен кәдімгідей таңқалдым. Неге ол менің балама тиіседі, ұрады, деп. Оның хақы жоқ қой. Я в шоке была бізде осындай мәселе болды. Астанада. В столице нашей. Для меня это шок. В таком хорошем, в государственном садике такое что может произойти» - деп жағасын ұстап отыр зардап шеккен баланың анасы Камила Серғалиева.
Ал балабақша басшылығы ата-анадан шағым түспейінше, бұл жайттан бейхабар болған. Әлеуметтік желілерде желдей ескен жазбалардан соң, өзінің өрескел әрекетін үйіндегі тұрмыстық мәселемен байлыныстырып, ақталмақ болған. Меңгерушінің айтуынша, тәрбиешінің екі бірдей жоғарғы білімі бар. Қарамағындағы сәбилермен жасты ұлы бар бола тұра, бүлдіршіндерге сес көрсеткен. Алайда, оның мұндай оғаш қылығы бұрын-соңды байқалмаған көрінеді.
«Тәрбиі ісі жөніндегі көмекші болып жүрген кезінде бұл кісінің үстінен ешқандай шағым түскен емес: Балаларды ұрады, соғады деген. Барлық мемлекеттік денсаулық органдарынан физикалық және психикалық жағынан да дені сау деген бүкіл анықтама құжаттары бар» - дейді №84 қалалық балабақшаның меңгерушісі Динара Базарбай.
Қалалық білім басқармасындағылар болса, сәбиге қол жұмсаған тәрбиешінің жұмыстан қуылғандығын айтады.
«ҚР Еңбек шартының 52-бабының 14-ші тармағына сәйкес, жұмыстан шығарылып отыр. Осы тәрбиешіні жұмысқа қабылдаған балабақшаның әдіскері қатаң сөгіс алып отыр» - дейді қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Асанова.
Осы жағдайдан соң, қала бойынша барлық балабақшаларда тәрбиешілермен түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, мектепке дейінгі мекеме басшысы ескерту алған. Ал баласы үшін алаңдаған ана тәрбиешінің өмір бойы балалармен жұмыс істеуіне тосқауыл қою үшін қолымнан келгенді аянбаймын деп бекініп отыр.