Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Семейдегі жылу мәселесі: Бектенов жауапты шенеунікті жазалауды тапсырды

Семейдегі жылу мәселесі: Бектенов жауапты шенеунікті жазалауды тапсырды
видеодан стоп кадр
Премьер-министр Олжас Бектенов Семей қаласының жылу желілерін жылыту маусымына уақытында дайындамағаны үшін Абай облысы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды, деп хабарлайды KYN.KZ.

Үкімет отырысында өңірлердің жылыту маусымына дайындығы сөз болды. Үкімет басшысы бұған дейін жылу көздері мен желілерін 1 қазанға дейін толық дайындауды тапсырғанын атап өтті.

Белгіленген мерзімде еліміздің барлық өңірі дайындық жұмыстарын аяқтаған. Алайда Семей қаласында жылу желілерін дайындау жұмыстары уақытында бітпеген.

«Барлық өңір белгіленген мерзімде орындады, тек бір өңірден басқа. Осыған байланысты тиісті үйлестіру жұмыстарының жүргізілмеуі және Семей қаласының жылу желілерінің уақытылы дайындалмауы үшін Абай облысы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Семейдегі жағдай Үкіметтің ерекше бақылауына алынған еді. 29 қыркүйектегі мәлімет бойынша қаладағы дайындық жоспары 82 пайызға орындалған болатын.

Ал Үкімет отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Семейдегі орталық жылу пункттерін жөндеуге қажетті жабдықтардың кеш жеткізілуіне байланысты жұмыс мерзімі кейінге шегерілгенін айтты. Қаланы жылумен қамтамасыз етуге дайындық 5 қазанда ғана аяқталған.

Осыған байланысты Абай облысының әкімдігіне барлық тұтынушыға жылуды жедел жеткізу міндеті қойылды.

Ашық деректерге сәйкес, Абай облысында жылумен қамту және жылыту мәселелеріне облыс әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев жетекшілік етеді.

Сонымен қатар Премьер-министр барлық өңір әкімдеріне жылыту маусымының өтуін қадағалайтын штабтардың жұмысын қайта жандандыруды тапсырды.

Өңір басшылары энергия көздері мен жылу желілерінің жағдайын тұрақты тексеріп, отынның нормативтік қорын қамтамасыз етуі тиіс. Резервтік жабдықтардың дайындығы мен халыққа көмірдің тұрақты бағамен жеткілікті көлемде сатылуы да бақылауда болуы керек.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар