Кездесуге Джеки Чаннан бөлек шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов қатысты. Тараптар кино саласындағы халықаралық әріптестікті кеңейту және алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Ерлан Қарин Қазақстанда ірі халықаралық фильмдердің түсірілуі отандық киноиндустрияның дамуына, жергілікті мамандардың тәжірибе жинауына және елдің халықаралық киноөндіріс алаңы ретінде танылуына ықпал ететінін атап өтті.
Кездесуде кино өндірісіне жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне де назар аударылды. Ерлан Қарин Астанада өткен Astana AI Film Festival туралы айтып, байқауға 125 елден 8 мыңнан астам өтінім түскенін жеткізді.
Кездесу соңында вице-президент Джеки Чанға Қазақстанға деген жылы ықыласы үшін алғыс айтып, түсірілім тобына шығармашылық табыс тіледі.




