Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Баламды қайтарыңдар»: Ресейге жұмысқа кетіп, еркінен тыс соғысқа жіберілген қазақстандықтардың аналары президенттен көмек сұрады (ВИДЕО)

«Баламды қайтарыңдар»: Ресейге жұмысқа кетіп, еркінен тыс соғысқа жіберілген қазақстандықтардың аналары президенттен көмек сұрады (ВИДЕО)
Сурет: фотоколлаж kyn.kz
Астанада Сыртқы істер министрлігінің алдына Ресейге жұмыс істеуге кетіп, кейін соғыс аймағына тап болған қазақстандықтардың ата-аналары, бауырлары мен жақындары жиналды.

Ата-аналар бірнеше күннен бері ұлдарынан хабар ала алмай отыр екен. Олар биліктен балаларын елге қайтаруды сұрап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Туыстарының айтуынша, жігіттердің бір бөлігі Ресейге күзетші немесе басқа жұмысқа орналасамыз деп кеткен. Кейін құжаттарға қол қойған соң, әскери әрекеттерге қатысуға міндетті екендерін білген.

Кей аналар ұлын іздеп Ресейге бірнеше барған. Бірақ түк шықпапты. Министрлік өкілдері келіссөз жүріп жатқанын, қазірше тек күту керектігін айтқан.

Отбасыларға құқықтық көмек көрсетіп жүрген адвокат Мейірман Шекеев те кездесуге қатысты. Оның айтуынша, бұл мәселе Президент Әкімшілігіне дейін жеткізілген.

Солардың бірі Жүрербек Бекасылдың анасы Назира Болысова ұлын төрт айдан бері іздеп жүргенін айтады. Бекасыл отбасында жалғыз бала екен. Ол наурыздың соңында жұмысқа кеткенде анасы оның жанында таныс адамдар барын біліп, аса қауіптенбеген.

“Мама мен жараландым, көп қан жоғалттым, кешірші” деп балам жазды. Жалынып, жылап дауысын жіберді. “Қайдасың” деп едім, ауруханадамын деді. Қай жерде екенін сұрап едім “Украинадамын” деп соңғы рет жазды. Мен барайын деп жазған едім, содан кейін хаттарым бармады. Бес-алты күн болды, байланысқа шыққан жоқ. Жалғыз ұлым. Содан бері барлық жерге барып жатырмын. Айтатындары бір, күтіңіз деп шығарып салады”, – дейді ол.

Айта кетсек, Ресейге нәпақа табу үшін барған бір топ қазақстандық өздерінің алданғанын айтып, видеоүндеу жариялаған еді. Олар соғысқа жіберілуі мүмкін екенін айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған болатын.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарды елге қайтару үшін Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар