Данияр Әшімбаев: Қорғаныс министрлігіне мықты әрі принципшіл қаржыгерді жіберу – дұрыс шешім
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:16
- 19
Президенттің бағасына қарағанда, тексеру барысында бірқатар күрделі мәселе анықталып, соның нәтижесінде жаппай қызметтен босатулар мен қамауға алулар орын алды. Бұл Қорғаныс министрлігіндегі ахуалдың айтарлықтай күрделі болғанын көрсетеді.
Сарапшы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, Мемлекет басшысының Қорғаныс министрі мен Бас штаб бастығы қызметтеріне Мемлекеттік күзет қызметінің Арнайы мақсаттағы күштерінде тәжірибе жинаған офицерлерді ұсынуының өзі көп нәрсені аңғартады.
«Бұл – қазіргі жағдайда әскери ведомствоны басқаруға қойылатын талаптардың өзгергенін көрсететін маңызды қадам», – деп атап өтті ол.
Әшімбаев Қорғаныс министрінің жаңа орынбасары болып тағайындалған Татьяна Савельеваның кәсіби тәжірибесіне де назар аударды. Оның айтуынша, Савельева – ұзақ жылдар бойы бюджет мәселелері бойынша Қаржы вице-министрі қызметін атқарған тәжірибелі қаржыгер. Кейін Мәжілістің Бюджет комитетін басқарған.
Татьяна Савельева тамыз айында ғана жаңа Құрылтайдың депутаты болып сайланған болатын. Алайда, сарапшының пікірінше, Қорғаныс министрлігіндегі тәртіпті ретке келтіру қажеттілігі бұл жағдайда басымдыққа ие болды.
Данияр Әшімбаев Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі азаматтық орынбасары лауазымы алғаш рет 1999 жылы енгізілгенін еске салды.
Бұл қызметті әр жылдары Ғосман Әмрин, Жаннат Ертлесова, Қозы-Көрпеш Жанбыршин және басқа да мамандар атқарған.
Сарапшының айтуынша, белгілі бір кезеңде Ішкі істер министрлігінде де осындай лауазым енгізіліп, осы бағыттағы министрдің орынбасары қызметін Болат Жәмішев атқарған.
Әшімбаев Қорғаныс министрлігінің ұзақ жылдар бойы сыбайлас жемқорлық дауларымен қатар жүріп келгенін атап өтті.
«Кей жылдары бірнеше генералдың қатарынан қамауға алынған кездері болды. Бұл сатып алулар, кадр саясаты, материалдық-техникалық қамтамасыз ету сияқты түрлі бағыттарды қамтыды», – деді ол.
Оның сөзінше, саяси басшылық бұған дейін де әскери ведомствоға тәжірибелі азаматтық басқарушыларды министр немесе экономика, цифрландыру, қорғаныс өнеркәсібі бағыттарына жауапты орынбасар ретінде тағайындап отырған.
Сарапшы қазіргі жағдай Қорғаныс министрлігінде тағы да қатаң әрі жүйелі шешімдер қабылдау қажеттігін көрсеткенін атап өтті.
«Қазіргі жағдай қайтадан қатаң жүйелі шешімдер қабылдау қажеттігін көрсетті. Бұл тұрғыдан алғанда, Татьяна Савельева секілді мықты әрі принципшіл қаржыгерді Қорғаныс министрлігіне жіберу – қалыптасқан жағдайда сауатты шешім», – деп қорытындылады Данияр Әшімбаев.
Оның пікірінше, жаңа тағайындау әскери ведомствода қаржы тәртібін күшейтіп, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды арттыруға және басқару жүйесін ретке келтіруге бағытталған қадамдардың бірі болуы мүмкін.


