Бұтақовка 1700 жобасы Алматы тау кластерінде ерекше орын алады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 18:50
- 1
Бұтақовка 1700 жобасы Алматы тау кластерінде ерекше орын алады. Жобаның негізгі идеясы неде?
— «Бұтақовка 1700» жобасының негізгі идеясы — тау аумақтарына заманауи қолжетімділікті қамтамасыз ететін және Алматы тау кластеріне кіретін негізгі нүктелердің бірін қалыптастыру.
Бұтақовка қазірдің өзінде Алматы тұрғындарының танымал демалыс орындарының бірі. Сондықтан біздің міндетіміз — осы аумақтың табиғи тартымдылығын сақтай отырып, оны заманауи, қолайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылыммен толықтыру.
1700 метр биіктікте келушілер тауға қарай сапарын жалғастыра алатын, аспалы жолды пайдалана алатын немесе жаяу хайкинг бағытын таңдай алатын кеңістік құру жоспарлануда.
Осылайша, «Бұтақовка 1700» қалалық инфрақұрылым мен тау аумақтарын байланыстыратын маңызды буынға айналып, табиғи және туристік бағыттарға қолжетімділікті жеңілдетеді.
Бұл ретте қауіпсіздікке, көлік қолжетімділігіне және келушілердің жайлы демалуына ерекше көңіл бөлінеді.
Жалпы алғанда, жоба Алматы тұрғындары мен қонақтары тау кластерімен ыңғайлы әрі қауіпсіз таныса алатын негізгі нүктелердің біріне айналуы тиіс.
— «Бұтақовка 1700-де» тұрғындар мен туристер үшін нақты қандай нысандар пайда болады?
— Ең алдымен, таудағы демалысты жайлы ететін қажетті сервистік инфрақұрылым пайда болады.
1700 метр биіктікте көпфункционалды кешен, ақпараттық орталық, жабдықтарды жалға беру пункттері, кафе мен мейрамханалар құру жоспарлануда.
Мысалы, жорыққа шығар алдында келушілер бағыттар туралы ақпарат алып, қажетті жабдықтарды жалға алып, жеке заттарын сақтауға қалдыра алады. Серуеннен кейін түскі ас ішіп немесе демалып алуға мүмкіндік болады.
Тауда бірнеше күн өткізуді жоспарлағандар үшін қонақүй нысандары, апарт-отельдер мен шале үйлері қарастырылған.
Инфрақұрылымның ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімділігіне де айрықша назар аударылады. Жоба аясында пандустар, лифтілер, ыңғайлы кіреберістер, арнайы автотұрақ орындары және тактильді навигация қарастырылған.
Негізгі міндет — негізгі қызметтердің барлығын бір жерде шоғырландыру. Осылайша келушілерге қажетті сервисті шатқалдың әр жерінен іздеудің қажеті болмайды.
— «Бұтақовкада» әр маусымда демалу мен ойын-сауықтың қандай мүмкіндіктері пайда болады?
— Біз бұл жерге тек қыста емес, жылдың жылы мезгілдерінде де келу қызықты болғанын қалаймыз.
Дәстүрлі хайкингтен бөлек, жоба аясында серуендеу аймақтары, шолу алаңдары және ашық аспандағы түрлі демалыс түрлері қарастырылған.
1700 және 1900 метр биіктікте зиплайндар, ал 1830 метр биіктікте тау көріністерін тамашалауға болатын шолу алаңы бар серуендеу жолы жоспарлануда.
2600 метр биіктікте әткеншектер, пикник орындары және ашық аспан астында тақырыптық дәрістер өткізуге арналған алаңдары бар панорамалық серуендеу аймағы қарастырылады.
Белсенді демалысты ұнататындар үшін арқанды қалашық және Alpine Coaster — тау баурайындағы арнайы рельсті жолмен сырғанауға мүмкіндік беретін аттракцион пайда болады.
Қыста бұл мүмкіндіктерге шанамен сырғанауға және қардан мүсіндер жасауға арналған алаңдар қосылады.
Осылайша, «Бұтақовка» жаяу серуендеу мен тыныш пикниктен бастап, достармен немесе отбасымен белсенді демалуға дейінгі түрлі демалыс сценарийлерін ұсына алады.
— «Бұтақовка» Алматы тау кластерінің басқа да таулы локацияларымен қалай байланысады?
— Бүгінде көптеген адамдардың тауға сапары бір ғана шатқалмен шектеледі. Адамдар таныс бағытпен жүріп өтіп, қайтадан кері қайтады.
Ал Алматы тау кластері басқа тәсілді ұсынады — бірнеше таулы аумақты біртұтас жүйеге біріктіру.
Жоба Шымбұлақ, Кімасар, Бұтақовка, Пионер және Ой-Қарағай бағыттарын қамтиды. Олардың арасында аспалы жолдар мен тау бағыттарының желісін дамыту жоспарлануда.
Бұтақовкадан Кімасарға жетіп, одан әрі Медеу мен Шымбұлақ бағытына қарай сапарды жалғастыруға болады. Сондай-ақ басқа таулы локацияларға, соның ішінде Фурманов пен Букреев шыңдары бағытына шығатын жолдар қарастырылған.
Туристер үшін бұл бір күн ішінде бірнеше таулы аумақта болып, әр жолы көлігіне қайта оралмай саяхаттау мүмкіндігін береді.
Перспективада мұндай байланыстар Заилий Алатауы бойынша саяхатты жоспарлау мүмкіндіктерін кеңейтіп, тау кластерінің түрлі аймақтарымен танысуға жол ашады.
— Бұтақовканың дамуы тау жолдарындағы кептелістің артуына әкелмей ме?
— Бұл негізгі мәселелердің бірі, өйткені Бұтақовка шатқалына апаратын жол салыстырмалы түрде тар, ал демалыс күндері тау бағыттарындағы көлік қозғалысының жүктемесі қазірдің өзінде жоғары.
Сондықтан жоба көлік қозғалысын ұйымдастырудың басқа тәсілін қарастырады.
Негізгі идея — келушілердің жеке автокөлігін арнайы перехваттаушы тұраққа қалдырып, әрі қарай сапарын шаттлдар мен электр автобустарымен жалғастыруына мүмкіндік беру.
Демалыс күндерінің ең жоғары жүктеме уақытында шатқалға жеке көліктердің кіруін шектеу жоспарлануда. Ал бақылау нөмірді тану камералары мен бірыңғай ски-пасс жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Бұл келушілерді маршруттардың басталу нүктелеріне ұйымдасқан түрде жеткізуге және тау жолына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Ең бастысы — тауға сапар шаңғы тебуге келетіндер үшін де, шатқалда жай ғана серуендегісі келетіндер үшін де ыңғайлы болуы керек.
— Жоба жүзеге асқаннан кейін алматылықтар үшін ең басты өзгеріс қандай болады деп ойлайсыз?
— Біз тауға бару әлдеқайда жеңіл әрі қызықты болғанын қалаймыз.
Адам таңертең серуендеуге баруды шешіп, Бұтақовкаға ыңғайлы жетіп, өзіне ұнайтын бағытты таңдап, күнін табиғат аясында өткізе алуы керек. Отбасылар үшін бірге демалатын жаңа орындар пайда болса, Алматы қонақтары қала ғана емес, оны қоршаған таулардың сұлулығын да тамашалай алады.
«Бұтақовка 1700» — ең алдымен, адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер туралы жоба. Бұл — хайкинг, серуендеу, белсенді демалыс және саяхат. Олар қала тұрғындарының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуы тиіс.
Өйткені Алматы тұрғындары мен қонақтарына ұсына алатын ең құнды нәрсе — тауда жиі болу, жаңа жерлерді ашу және Заилий Алатауының табиғатынан ләззат алу мүмкіндігі.
Сұрақтарға «Алматы тау кластері» жобасының Басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко жауап берді.


