Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – мемлекеттің тек бүгінгі қоғам алдындағы ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігін күшейту.
Президенттің реформаларға қатысты ұстанымын қарапайым әрі маңызды қағидамен түсіндіруге болады: ережелерді өзгерту ең алдымен азаматтардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасап, мемлекеттің өз міндеттемелерін сенімді орындауына ықпал етуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік – жай ғана ұран емес. Бұл – мемлекеттік басқарудың сапасына, мүдделер теңгеріміне және биліктің азаматтар алдындағы адалдығына қойылатын нақты талап.
Біріншіден, мұндай жауапкершілік ұзақ мерзімді тұрақтылықты білдіреді. Құқықтық жүйеде нақты әрі түсінікті кепілдіктер бекітілсе, қоғамға күтпеген өзгерістерге үнемі бейімделудің қажеті болмайды. Заң берік іргетасқа айналып, тұрақты, болжамды және баршаға бірдей қызмет ете бастайды.
Екіншіден, бұл – әділдік мәселесі. Болашақ ұрпақ бүгін қабылданған шешімдердің нәтижесін мұраға алады. Олардың қатарында инфрақұрылым, экономикалық мүмкіндіктер, экологиялық ахуал және мемлекеттік институттардың сапасы бар. Егер бүгін теңсіздікті күшейтетін және азаматтарға бірдей мүмкіндік бермейтін ережелер бекітілсе, оның ауыртпалығы ертеңгі ұрпақтың мойнына түседі. Яғни сол шешімдерді қабылдауға қатыспаған адамдар оның зардабын тартуы мүмкін.
Үшіншіден, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік қабылданған шешімдердің мүлтіксіз орындалуын талап етеді. Конституциялық нормалар нақты іс-қимылмен, тиімді бақылаумен, ашықтықпен және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігімен ұштасуы тиіс. Әйтпесе, Конституцияда бекітілген кез келген уәде құр декларацияға айналып, азаматтарға нақты нәтиженің орнына тек сөз ғана қалады.
Сонымен қатар мұндай ұстаным билік үшін маңызды моральдық әрі этикалық бағдар қалыптастырады. Мемлекет қабылданатын шешімдердің алдағы ондаған жылға тигізетін ықпалын ескеруге міндетті. Бұл экономикаға, әлеуметтік салаға, білім беру мен денсаулық сақтауға, энергетикаға, қоршаған ортаны қорғауға және орнықты даму мәселелеріне тікелей қатысты.
Бүгінде қоғамдық талқылауларда қазіргі мүдделерге қарай заңдар мен қалыптасқан тәртіпті өзгерте беруге жол бермейтін, баршаға түсінікті әрі тұрақты ережелерге деген сұраныстың артуы да кездейсоқ емес.
Президент ұстанған реформалар бағыты тұрғысынан қарағанда, жаңа Конституция мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін ғана емес, олардың жауапкершілік деңгейін де нақты айқындауы тиіс. Бұл мемлекеттің мүддесі азаматтардың мүддесінен жоғары қойылмауы және жүргізілген реформалардың нәтижесін нақты бағалау мүмкіндігі болуы үшін қажет.
Сондықтан болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті конституциялық реформаның тиімділігін айқындайтын басты өлшемдердің бірі деп қарастыруға болады.
Егер Конституция адам қадір-қасиетін заңмен қорғайтын, мемлекетті қысқа мерзімді мүдделерге негізделген шешімдерден тежейтін және елдің ұзақ мерзімді дамуына жол ашатын құқықтық жүйе қалыптастыруға ықпал етсе, онда реформаның шын мәнінде болашаққа бағытталғанын білдіреді.
Ұқсас жаңалықтар
Павлодарда моншаға келген әйел жас қызметкерді соққыға жықты
- авторТомирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:12



