Павлодарда моншаға келген әйел жас қызметкерді соққыға жықты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:12
- 1
Бұл туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Автордың айтуынша, мекеме қызметкерлері әйел адамға моншаның жабылатынын бірнеше рет ескертіп, залдан шығуын сұраған. Сондай-ақ оған сыраны сыртқа шыққаннан кейін ішіп бітіруді ұсынған.
Монша қызметкерінің сөзін елемей, ашуға басқан әйел жұдырық ала жөнелген. Баласының жылаған дауысына қарамастан әйел адам өз әрекетін тоқтатпаған.
Павлодар облысының Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Павлодардағы монша-сауықтыру кешендерінің бірінде әйелдер арасында жанжал болғаны анықталған.
«Оқиғаға қатысушылар анықталды. Әйелдердің біріне ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материал толтырылып, тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сонымен қатар екі тараптың да бір-біріне ешқандай талабы жоқ. Олар ары қарай арызданудан және істі жалғастырудан бас тартты», – деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.


