Қазақстанда оқушылардың амандасу мәдениетіне қатысты ұсынымдар әзірленіп жатыр
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 19:09
- 1
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ерлан Саировтың қазақстандық оқушылардың амандасу әдебіне қатысты депутаттық сауалына жауап берді.
"Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғалымдар, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдерінен жұмыс тобын құрды. Білім алушылардың амандасу әдебіне байланысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған ұсынымдардың мазмұнында білім беру процесіне қатысушылардың, мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілетінін және депутаттармен қосымша талқыланатынын атап өтеміз", - деді оқу-ағарту министрі.
Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова бұған дейін мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленгенін атап өтті.
"Қазіргі уақытта бағдарлама республикадағы барлық 20 877 білім беру ұйымында (12 066 мектепке дейінгі ұйымда, 8 048 мектепте және 763 колледжде) оқу және сабақтан тыс тәрбие жұмыстары, сынып және курс сағаттары аясында жүзеге асырылуда", - деп қосты министр.



