Вице-Президент балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы Президент бастамаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді
- автор kyn.kz
- Бүгін, 20:21
- 5
Кеңесте ең алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» біртұтас тұжырымдамасын тиімді іске асыру мәселелері талқыланды.
Вице-Президент балалардың толыққанды дамуына жан-жақты жағдай жасау Мемлекет басшысы ұстанып отырған бағдардың негізгі бағытының бірі екенін атап өтті.
– Президент бастамасымен балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру сапасын арттыру, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қолдау көрсету, өскелең ұрпақты конституциялық құндылықтар рухында тәрбиелеу бағытында тұтас шаралар кешені жүзеге асырылуда, – деді Ерлан Қарин.
Вице-Президент «Ұлттық қор – балаларға» президенттік бағдарламасы аясында үш жыл ішінде 7 миллионнан астам балаға 2,5 миллиард доллардан астам қаражат аударылғанын еске салды. Сондай-ақ Президент бастамаларын іске асыру нәтижесінде соңғы 7 жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды.
Соңғы үш жылда Мемлекет басшысының бастамасымен балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған 11 заң қабылданды. Оның негізгілерінің бірі – 2024 жылы қабылданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң. Осы заңға сәйкес, алдын алу шаралары енгізіліп, зорлық-зомбылықтың барлық түріне жаза қатаңдатылды, сондай-ақ буллингке қатысты жауапкершілік белгіленді.
Қабылданған заңнамалық шаралар нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар саны азайды. Атап айтқанда, 2024 жылмен салыстырғанда аса ауыр қылмыстар саны 45 пайызға, ал жасөспірімдерді жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу қылмыстарының саны 10 пайызға төмендеді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстардың да 10 пайызға азайғаны байқалып отыр.
Өңірлерде Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдіктері жұмыс істейді, бала құқықтары жөніндегі басқармалар құрылды, қорғаншылық органдарының штат саны ұлғайып келеді. Қалалар мен аудандарда 160 Отбасын қолдау орталығы ашылды.
Мектептерге мемлекеттік «111» байланыс орталығының QR-кодтары орнатыла бастаған 2024 жылдан бері балалар психологтары 186 мыңнан астам хабарлама мен 6 700 қоңырау қабылдаған. 9 мың жағдай бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетілді, ал 73 жағдайда суицидтің алдын алуға мүмкіндік туды.
Мәселелердің тағы бір бөлігі инклюзивті саясат мәселелеріне арналды. Қазіргі уақытта Президент тапсырмасы бойынша Құрылтай депутаттары мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдауды реттейтін заң жобасын әзірлеуде.
– Заңнамалық нормалардың декларативтік сипатта болмағаны, балаларды қолдау жүйесін жақсартуды, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін нақты тетіктерді көздеуі, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды дәл айқындауы аса маңызды, – деді Ерлан Қарин.
Бұған қоса Вице-Президент мүмкіндігі шектеулі жандарды кемсітудің алдын алуға және оған жол бермеуге бағытталған заңнамалық нормаларды әзірлеу қажет екеніне назар аударды.
Жиын соңында Ерлан Қарин балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету ішкі саяси жұмыстардың басым бағыты ретінде ерекше бақылауда болатынын атап өтті. Осыған байланысты Президент бастамаларының іске асырылу барысы республикалық кеңесте кемінде екі айда бір рет жүйелі әрі тұрақты түрде қаралатын болады. Сондай-ақ Вице-Президент балалардың құқығын қорғау саласында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалуына өңірлік деңгейде ай сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.
Ұқсас жаңалықтар
Павлодарда моншаға келген әйел жас қызметкерді соққыға жықты
- авторТомирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:12



