Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтиханының ережелері өзгеруі мүмкін
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:10
- 29
Ведомствоның мәліметінше, түзетулердің мақсаты – мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдету және жылдамдату.
"Артық рәсімдер алынып тасталды. Көлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек қаратудың қажеті жоқ. Енгізілген өзгерістің қауіпсіз екенін растайтын құжат болса жеткілікті. Емтиханды бірінші рет тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі.
Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмасаңыз, сол емтиханды кейін қайта тапсыру ақылы болады. Бұл шара емтиханға қосымша дайындалу үшін енгізіліп отыр.
Сонымен қатар теориялық емтиханды тапсырып, практикалық емтиханнан өте алмасаңыз, теориядан алған нәтижеңіз сақталады", - деп түсіндірді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.
Сонымен қатар шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтиханды тапсыру қажет.
Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган куәлікті берген елге ресми сұрау жібереді.
"Ол елдің құзыретті органы куәліктің түпнұсқа екенін растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады. Бұл – жалған құжаттардан қорғау шаралары", - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.



