Швейцарияда Қазақстандағы білім беру мен гендерлік теңдік мәселелері бағаланды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:06
- 40
Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар әйелдердің қоғамдық, экономикалық және саяси өмірге белсенді қатысуына қолайлы жағдай қалыптастырып отыр. Мұндай пікірді Швейцария Жоғары менеджмент мектебінің аға ғылыми қызметкері Нина Расин білдірді.
Сарапшы Берн қаласында Қазақстандағы институционалдық өзгерістерге, жаңартылған Конституцияның қабылдануына және Құрылтай сайлауының қорытындыларына арналған сарапшылардың дөңгелек үстеліне қатысып, алған оң әсерімен бөлісті.
Нина Расиннің пікірінше, ел дамуының келешегі зор бағыттарының бірі – білікті мамандар даярлауға жүйелі инвестиция салу. Бұл ретте қазақстандық жоғары оқу орындарының шетелдегі жетекші білім беру орталықтарымен белсенді ынтымақтастығы маңызды рөл атқарады.
«Білім беруді дамыту мен жас мамандар даярлаудың маңызы ерекше. Қазақстандық университеттермен серіктестік және академиялықұтқырлық бағдарламалары білім мен тәжірибе алмасуға, кәсіби қабілеттерді дамытуға және халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Білімге салынған инвестиция – адам капиталы мен ел болашағына салынған инвестиция», – деп атап өтті сарапшы.
Расин мемлекет тарапынан кәсіби мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі қадамдар жасалып жатқанын да атап өтті. Бұған дейін әйелдерге тыйым салынған 200-ден астам кәсіптің тізімін алып тастау туралы шешім ұзақ мерзімді оң нәтижелерге жол ашты. Соның арқасында әйелдердің мамандық пен кәсіби қызмет түрін таңдау мүмкіндігі кеңейді.
Мемлекеттік басқару саласында да елеулі өзгерістер байқалады. Жаңа Құрылтайда әйелдерге 145 депутаттық мандаттың 49-ы тиесілі болды. Бұл жалпы құрамның 33,8 пайызына тең және алдыңғы шақырылымдардағы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары.
Сонымен қатар елдегі мемлекеттік қызметшілердің 56 пайызы – әйелдер. Ал басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 38,9 пайызды құрайды.
Халықаралық сарапшының айтуынша, сапалы білім мен әйелдер көшбасшылығын жан-жақты қолдауды ұштастыру қоғамның өркендеуіне берік негіз қалайды.
«Швейцария тәжірибесі тұрақты өзгерістерге қол жеткізу үшін сапалы білім, кәсіби қызметке тең қолжетімділік және берік институттар қажет екенін көрсетеді. Сондықтан жастарды даярлау мен әйелдердің қоғамдық өмірге қатысуын кеңейту – адами капиталды дамытудың өзара байланысты бағыттары», – деп түйіндеді сарапшы.


