Тоқаев Республика күні қарсаңында екі мыңнан астам тұлғаны марапаттады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:25
- 24
Олардың қатарында металлургтер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, ұстаздар, дәрігерлер, өнер қайраткерлері және ел дамуына үлес қосып жүрген өзге де азаматтар бар, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Тоқаев 40 жылдан астам уақыт металлургия саласында еңбек етіп келе жатқан Әбдірашит Доспановқа “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын беретінін мәлімдеді.
“Қазір ортамызда отырған азаматтардың бойында осы құнды қасиеттердің бар екені анық. Солардың бірі “Еңбек Даңқы” наградасының толық кавалері – Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспанов. Ол әке ізін басып, 40 жылдан астам уақыт металлургия саласында абыройлы жұмыс істеп келе жатыр. Кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығының арқасында зор табысқа жетіп, елімізді өркендетуге мол үлес қосып жүр. Бүгінде жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, оларға өмірлік кәсібінің қыр-сырын үйретіп жатыр”, – деді президент.
Сонымен қатар белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаевқа жоғары мемлекеттік награда – “Отан” ордені табысталды. Президент оның әндері бірнеше буынның жүрегінен орын алып, қазақ музыкасының алтын қорына енгенін атап өтті.
Даңқты альпинист Қазбек Уәлиев әлемдік альпинизмге қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі “Барыс” орденімен марапатталды.
Ал опера әншісі Талғат Мұсабаевқа “Қазақстанның халық әртісі” атағы берілді. Мұражай ісін дамытуға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға үлес қосып жүрген өлкетанушы Бауыржан Жәнібеков “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағына ие болды. Өнертанушы ғалым Эльмира Сұлтанғалиева “Құрмет” орденімен марапатталды.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттігі бар балаларды оқытуда жаңашыл әдістерді қолданып жүрген педагог Наталья Сафиулинаға “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” атағы берілді.
“Таза Қазақстанға” үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды
Президент елді көркейту, көшелерді таза ұстау және қоршаған ортаға қамқорлық жасау баршаға ортақ міндет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл жұмысқа мемлекеттік органдармен қатар, білім беру ұйымдары және қоғамның әрбір мүшесі атсалысуы керек.
“Осы саладағы игі істер мен президент ретінде ұсынған “Таза Қазақстан” тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Бұл бүкіл елімізге өте қажетті жұмыс деп айтсақ, қате болмайды. Өйткені көшелеріміз таза болмаса, әрбір жерде ағаш пен гүлдер көп егілмесе, азаматтарымыз табиғатқа қамқор болмаса, еліміз де жасампаз болмайды. Бұл – анық нәрсе. Бұл – Үкімет, Құрылтай, құқық қорғау мекемелері болсын, жергілікті билік өкілдері мен басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, мектептердің ортақ парызы. Басқа сөзбен айтқанда, бұл – жалпыұлттық қозғалыс”, – деді президент.
Осы бағыттағы еңбегі үшін елорданы абаттандыруға үлес қосқан “Астана-Көгалдандыру құрылысы” мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлы “Құрмет” орденімен марапатталды. Ал “Астана орманы” ұйымында еңбек етіп жүрген Аманжол Үйсінбаев “Ерен еңбегі үшін” медаліне ие болды.
Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданынан келген механизатор Сергей Пустыльников ІІІ дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденімен марапатталды. Ол 30 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, жинаған тәжірибесін жас мамандарға үйретіп келеді.
Сонымен қатар аға мейірбике Анар Әбдіқұлова мен ұстаз Сәлима Жұмамұратоваға “Шапағат” медалі табысталды.
Мемлекет басшысы қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтарға да құрмет көрсетілетінін айтты. Осы орайда бір топ азаматқа "Ел бірлігі" ордені берілді.
Тоқаевтың мәліметінше, елдің дамуына үлес қосып, адал еңбегімен көпке үлгі болған екі мыңнан астам азамат мемлекеттік наградалармен марапатталады.
“Соның ішінде 270-ке жуық білім-ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкеріне, 473 жұмысшы мамандығы өкілдеріне және 129 еңбек ардагеріне, 200-ден астам шағын және орта бизнес өкіліне мемлекеттік награда тапсырылады”, – делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы марапат иелерін құттықтап, олардың еңбегіне табыс тіледі.


