Көлік жуу орындарында ауыз суды пайдалануға шектеу қойылады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:59
- 33
Министрдің айтуынша, елімізде суды үнемдеу және оның ысырабын азайту талаптары бойынша қосымша өзгерістер енгізілмек.
"Су кодексіне көлік жуу орындарында орталықтандырылған жүйеден берілетін ауыз суды пайдалануға шектеу қоюды көздейтін түзетулер дайындалды", – деді министр.
Кәсіпорындар бір рет пайдаланған суды қайта қолдануға мүмкіндік беретін жүйелерге біртіндеп көшпек. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай өндірісте қайта пайдаланылатын судың үлесі 28%-ға жетуі тиіс.
Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жыл сайын 260 миллион текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік бар.
Нұржан Нұржігітовтің айтуыныша, елімізде соңғы екі жылда 1,4 мың шақырымнан астам канал, 5 су қоймасы және 8 гидротехникалық нысан жөнделген.
Қазір ел бойынша 4,6 мың шақырымнан астам суару желісі жаңартылып, оның 964 шақырымын биыл аяқтау жоспарланған.
Кеше, 28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі су тапшылығы мәселесін көтеріп, көлік жуу орындарында ауыз суды пайдалануды тоқтатуды тапсырған еді.


