Димаш Құдайберген: Денисті өз қазағымыз өлтіргеніне сене алар емеспін
- автор kyn.kz
- 20 шілде, 2018
- 764
Марқұм Денис Теннің жақын досы Димаш Құдайберген әлеуметтік желі арқылы әлі де спортшыға қатысты естеліктерін бөлісіп, оны халықтың мәңгілік есте сақтайтынын жазып жатыр. Сондай-ақ, ол ел туын талай халықаралық байқауларда желбіреткен досының қазақ азаматтарының қолынан жан тапсырғанына күйініп отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Kyn.kz ақпарат агенттігі
«Қазақтың намысын қорғаймын деп жаны мен барын салған мақтанышымызды сол жерде бір-ақ қазақ көмектеспек түгілі, өз қазағымыздың қолынан жан тапсырғанына сене алар емеспін. Әлемге біздің ұлтымызды ұлықтап, елімізді танытқан саусақпен санайтындай аз ғана майталмандарымыздың қадірін біліп, қорғап жүрсек болатын еді ғой! Нағыз ержүрек батыр едің, досым. Сенің қарапайымдылығың, адами қасиеттерің бәрімізге үлгі! Екі сөзінің бірінде «Менің Қазақстаным», «Менің қазағым» деуші едің. Менің қанымды, менің ұлтымды, менің елімді танытқаныңа мың тағзым. Сен ешқашан сөнбейтін жұлдызсың! Кешір бізді, досым! Өзегім өртеніп барады», - дейді Димаш Құдайберген.
Дәл осылай танымал мәнерлеп сырғанаушының қазақ жігіттерінің қолынан жан тапсырғанына Сәкен Майғазиев те қиналып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, әнші әлеуметтік желі арқылы Денис Тенге арналған өлеңді бөлісті.
«Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» деуші еді қазақ. Батырхан ағамыз қайтқандағы күйді Денис бауырымыздың қазасынан да сезінгендеймін. Қазақтың туын бір емес, бірнеше рет биікке көтерген бауырымыздың өз қандастарымыздың қолынан ажал құшқаны қинайды. Танымал емес қанша адам қыршыннан қиылып, қанша отбасы қайғы жамылды десеңші. Раббым! Күпірлік қылсақ кешіре гөр. Бауырымызға жәннәттің төрінен орын бере гөр. Қош бол, Денис!
Күн де міне қызарып тұр алқызыл, Әрбір жерден естіледі әр қыжыл... Арамыздан сен де кетіп барасың, Сырғанаудың саңлағы жалғыз ұл... Қапылыста жемтік болып қасқырға, Сұм ажалға құшағыңды аштың ба? Қара мұзда сырғанаушы ең мәз болып, Нең бар енді қара жердің астында ? Жүректерден мұз боп бүгін ерисің, Көк туыңды желбіретем демейсің. Ұлтың өзге болғанымен қазақтың, Ұлы едің арда туған Денисім. Қош бол енді біздің батыр баламыз, Бір Алладан иман сұрап қаламыз. Жанкүйер боп отырушы едік қой, Жаназаңа қалай ғана барамыз?. Атың сенің болар бізге әлі аңыз. Сені жоқтап жатыр міне бар халық, Сарғаюда Сарыарқадай даламыз .... Қош бол енді біздің Денис баламыз! Айнұр Жаппарқұлова», - деп жазды әнші. Естеріңізге сала кетсек, 19 шілде күні Алматы екі азамат Денис Тенді пышақпен жарақаттаған болатын. Қайғылы оқиға Құрманғазы мен Бәйсейітова көшелерінің қиылысында болған. Спортшы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды. Күдіктілердің біреуі ұсталып, кінәсін толықтай мойындады. Екіншісі әзірге іздестіріліп жатыр. Автор: Kyn.kz