«Жымқыруды анықтап, үнсіз қала алмадым»: аудитор Боқаевтың кәсіподақ қаражатын ұрлау тәсілдері туралы айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:43
- 44
Бүгінгі сот отырысындағы басты оқиға – «QazaqGaz» ҰК» АҚ Тәуекелдерді басқару департаментінің бас менеджері, сондай-ақ кәсіподақтың тексеру комиссиясының мүшесі Медетбек Әбдіқалықовтың жауабы болды. Қаржылық аудит саласында 20 жылдық тәжірибесі бар маман шарттар арқылы жасалған заңсыз әрекеттердің қалай анықталғанын және қорғау тарапының уәждері неліктен негізсіз екенін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Әбдіқалықов сотқа автошеру бойынша келісімшартты арнайы іздестірмегенін айтты. Тексеру комиссиясының дебиторлық берешекті зерделеу жөніндегі әдеттегі жұмысы аясында ол кәсіподақтың барлық қаржылық құжаттары мен шарттарын қарастырған. Әдетте тексеру комиссиясы қызмет бабында кез келген кезеңді қамтитын құжаттарды қарай алады, ал комиссияның әрбір мүшесі өз бейініне сәйкес бағытты зерделейді.
Жобаны жүзеге асыратын компанияны таңдаудың негізділігін және олардың «ҚазТрансГаз» қызметкерлерімен ықтимал байланысын анықтау мақсатында аудитор контрагенттерді Adata сервисі арқылы тексерген. Талдау барысында ол бірқатар күмәнді жайттарға назар аударған. Іс-шараларды ұйымдастыру саласы (ивент-индустрия) бәсекелестік жоғары нарық болғанына қарамастан, шарттар үнемі бір ғана компаниялармен – «BM Trust» және «We Can» ЖШС-терімен бекітілген.
Шығындар сметасын зерделеу кезінде тексеруші көрсетілген қызметтердің құнын қолдан қымбаттату белгілері мен жүзеге асырушы компаниялардың өзара байланысты екенін анықтаған. Атап айтқанда, «BM Trust» компаниясының атынан Боқаевтың жиені өкілдік еткен. Мамандығының тәжірибесіне сүйенген куәгердің айтуынша, мұндай құжаттардан нақты жұмыс істейтін ивент-агенттіктер мен тек қағаз жүзінде құрылған бір күндік компаниялардың айырмашылығы бірден байқалады.
Заңбұзушылық белгілерін анықтағаннан кейін Әбдіқалықов тиісті қорытынды жасап, материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаған. Сотта ол тек өз жұмысын сапалы әрі адал атқарғанын атап өтті.
«Мен қаражатты жымқыру белгілерін көрдім және үнсіз қала алмадым. Қандай да бір блогерден қорқатын жайым жоқ. Күмәнді шарттарды құқықтық баға беру үшін жолдау – менің міндетім», – деді ол.
Аудитор кәсіподақ қаражатын автошеруді қаржыландыру үшін пайдаланудың заңдылығына да ерекше тоқталды. Куәгердің айтуынша, ұйым қаражатының нақты әрі қатаң мақсатты бағыты бар. Ол қаражат еңбек құқықтарын қорғауға, сондай-ақ кәсіподақ мүшелеріне материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетуге жұмсалуы тиіс.
Тексерушінің бағалауынша, имидждік іс-шараларды қаржыландыру ұйым жарғысында көзделген міндеттерге сәйкес келмейді. Қымбаттатылған сметалар арқылы шығарылған ондаған миллион теңге қызметкерлерге нақты көмек көрсетуге, мәселен, олардың қатарындағы жалғызбасты аналарға қолдау көрсетуге пайдаланылуы мүмкін еді.
Әбдіқалықов Санжар Боқаевтың кәсіподақ комитетімен қарым-қатынасының сипатына да тоқталды. Бас директордың кеңесшісі болған кезеңде айыпталушы кәсіподақ отырыстарына сирек және таңдамалы түрде қатысатын. Ол тек қаржы бөлу мәселелері қаралатын кезде ғана келген екен. Куәгер мұндай әрекетті тәуелсіз кәсіподақ ұйымының ішкі жұмысына тікелей араласу ретінде бағалады.
Жауап алу барысында Боқаевтың адвокаттары қорғау ұстанымын формалды рәсімдердің айналасында құруға тырысты. Олар кәсіподақтың мемлекеттік құрылым болып саналмайтынын, сондықтан оған мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптары қолданылмайтынын алға тартты. Сондай-ақ, олардың пікірінше, мүдделес компанияларды таңдауға заң жүзінде тікелей тыйым салынбаған. Осы уәждерге сүйене отырып, қорғау тарапы Боқаевтың кәсіподаққа өз жиеніне тиесілі ЖШС-ні ұсынуға құқығы болғанын дәлелдеуге тырысты.
Осы сауал-жауап барысында сот залындағы ахуал шиеленісе түсті. Прокурордың айтуынша, адвокаттар куәгерді жаңылыстыруға тырысып, сұрақтарын тұжырым түрінде қоя бастаған. Аудитордың дәйекті жауаптарына төтеп бере алмаған Санжар Боқаевтың өзі де отырған жерінен дауысын көтеріп, куәгердің сөзін бөлуге тырысты.
«Егер сіз біз қаражатты жымқырдық деп есептесеңіз, неге бізді тоқтатпадыңыз? Неге бұл шарттардың жасалуына жол бердіңіз?» – деп айқайлады айыпталушы.
Медетбек Әбдіқалықов оған сабырмен жауап берді: «Себебі мен компанияға 2022 жылы, сіз өткізген автошеруден бес жыл өткен соң ғана келдім».


