Алматыда Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған қонақүй сатылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:20
- 49
Сауда қорытындысы мемлекеттік мүлік порталында жарияланды. Қонақүйді кім сатып алғаны әзірше белгісіз.
Қонақүй тек үшінші әрекеттен кейін сатылды. Қыркүйек пен қазанда өткен алғашқы екі аукционға сатып алушы табылмағандықтан, сауда өтпей қалған.
Үшінші аукционда қонақүй 38,28 млрд теңгеден бастапқы бағамен саудаға шығарылды. Бұл бағаны төмендету тәсілімен өткізілген аукцион болды. Қатысушылардың бірі сатып алуға келіскенше баға төмендей берген. Ең төменгі баға 8,93 млрд теңгені құрады.
Нәтижесінде қонақүй 12,38 млрд теңгеге сатылды. Бұл оның бағалау құнынан (12,76 млрд теңге) 375 млн теңгеге төмен, алайда баланстық құнынан (4,78 млрд теңге) 2,6 есе жоғары.
Қонақүй Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан. Бұл – 11 қабатты, аумағы 16,2 мың шаршы метр ғимарат.
Қонақүйде 112 нөмір, мейрамхана, бассейн, SPA, фитнес орталығы және банкет залы бар.
Жаңа иесіне тек ғимараттың өзі өтеді. Жиһаз, DoubleTree by Hilton атауы және франчайзинг келісімі саудаға кірмеген.
Сатыбалды қонақүйді 2023 жылғы қыркүйекте сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке берген.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи нысанды сату рәсімінің ашықтығына күмән келтірген болатын. Ол қонақүйді Сатыбалдымен байланысты компаниялар қайта сатып алуы мүмкін деп болжаған.
"Алматының орталығындағы әлемдік деңгейдегі қонақүй неге соншалықты арзан бағаланды? Жауабы анық: Сатыбалдыға қатысы бар мүдделі компания арқылы аукционда Hilton-ды ең төменгі бағамен қайта сатып алу үшін", – деп жазған депутат.
Сол кезде Бас прокурор Берік Асылов заңсыз әрекеттер мен лоббизм белгілері анықталмағанын айтқан.
Қыркүйекте қонақүй 12,76 млрд теңгеге саудаға шығарылған.



