Көлік министрлігінің хабарлауынша, мұндай көліктер жолдың тез бұзылуына себеп болып, басқа жүргізушілерге қауіп төндіріп жүр.
Ведомство мәліметінше, тексеру еліміздегі көлік көп жүретін негізгі жолдарда жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай", "Астана – Петропавл", "Омбы – Павлодар – Семей – Майқапшағай" және "Қызылорда – Жезқазған" бағыттарында бақылау күшейтілген.
Енді мамандар жүк көліктерінің қанша тонна жүк тиеп жүргенін қатаң қадағалайтын болады. Өйткені әр көлікке тиеуге болатын жүктің белгілі бір шегі бар. Сол мөлшерден асса, ауыр салмақтан асфальт тез бұзылып, жолда ойықтар мен жарықтар пайда болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, артық жүк тиеген жүргізушілерге қолданылатын жазаны күшейту мәселесі де қаралып жатыр. Көлік министрлігі Құрылтай депутаттарымен бірге осыған қатысты заңға өзгерістер енгізуді пысықтап жатқанын хабарлады. Сондай-ақ ауыр жүк көліктерін тексерудің тиімді жолдары да қарастырылып жатқан көрінеді.
Министрлік бұл шаралар жолдарды ұзақ уақыт жақсы күйде сақтауға және көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын мәлімдеді. Алдағы уақытта да жүк көліктерін бақылау жұмыстары жалғасын таппақ.


