Шектен тыс амбиция, кәсіподақ қаржысы және «ескі Қазақстанның» әдістері: Боқаевқа қатысты соттың алғашқы екі аптасы қалай өтті?
- автор kyn.kz
- Бүгін, 12:58
- 49
«ҚазТрансГаз» басшысының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаевқа алаяқтық жасау, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша айып тағылған. Ал оның жиені Мадияр Қалменов алаяқтық жасады және қылмыстық кірістерді заңдастырды деп айыпталса, жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожаға қылмыстық істің өзге үш эпизоды бойынша айып тағылып отыр.
Қазіргі уақытта сот алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға қатысты бөлімдерді зерттеп жатыр. Әңгіме «ҚазТрансГаз» АҚ кәсіподағының миллиондаған теңгеге жететін шығындары туралы болып отыр. Кәсіподақ қоры компания қызметкерлерінің жарналары есебінен құралғанымен, ондағы қаражаттың жұмсалуына тиісті деңгейде бақылау жасалмаған.
Сот отырыстарында куәгерлер бірінен соң бірі келісімшарттардың қалай жасалғанын, мердігерлердің қандай тәртіппен таңдалғанын, қаражаттың қайда жұмсалып, кейін қандай бағыттарға аударылғанын баяндауда. Адвокаттардың реакциясына қарағанда, кейбір куәгерлердің айтқандары қорғау тарапы үшін күтпеген жайт болғанға ұқсайды. Оның үстіне, бұл айғақтар Боқаевтың бұған дейін келтірген бірқатар уәжіне күмән тудырды.
Біз қаржылық айла-шарғыларға қатысты маңызды мән-жайларды ашып айтқан бірнеше негізгі куәгердің жауаптарына кеңірек тоқталуды жөн көрдік.
Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, Боқаев пен оның жиені Мадияр Қалменов «ҚазТрансГаз» кәсіподағының қаржысын жеке бизнесі мен жеке қажеттіліктерін қаржыландыру көзіне айналдырған. Халықаралық автошеру өткізуге бөлінген 86,8 миллион теңгенің 42 миллион теңгеден астамын олар өз бақылауындағы компанияларды пайдалану, шығындар сметасын қолдан қымбаттату және іс жүзінде көрсетілмеген қызметтерді рәсімдеу арқылы жымқырған деген айып тағылып отыр.
Кәсіподақ қаражатын заңсыз шығару эпизодына қатысты қылмыстық іс материалдарында екі компанияның атауы аталады. Олар – «BM Trust» және «We Can» ЖШС. Біріншісі Боқаевтың жиені Қалменовтің, ал екіншісі оның танысы Жұлдыз Артықбаеваның атына тіркелген.
Айыптау нұсқасы бойынша, Боқаев кәсіподаққа ықпалын жүргізіп, келісімшарттардың дәл осы компаниялармен жасалуын қолдаған әрі олардың ешқандай баламасыз таңдалуына жағдай жасаған. Осылайша, өзінің жоспарын жүзеге асыру үшін аталған компаниялармен келісімшарттар жасалуын ұйымдастырған. Тергеу пайымынша, сол келісімшарттар арқылы жалпы сомасы 42 миллион теңгеден асатын қаржы сыртқа шығарылған. Ал алынған қаражат жиһаз бизнесін ашу мен дамытуға, жеке әуе сапарлары мен қонақүйлерде тұру ақысын төлеуге, сондай-ақ өзге де жеке қажеттіліктерге жұмсалған.
Сотта жауап берген куәгерлердің бірі, аудитор Медетбек Әбдіқалықов алаяқтық белгілерінің қалай анықталғанын баяндады. Оның айтуынша, кәсіподақтың құжаттарын тексеру барысында іс-шаралар ұйымдастыру секілді бәсекелестік жоғары саладағы келісімшарттар үнемі бір компанияларға беріліп келгені белгілі болған. Сметаларды зерделеу нәтижесінде, аудитордың бағалауынша, қызмет құнын әдейі асыра көрсету және мердігер компаниялардың Боқаевпен байланысы бар екенін аңғартатын белгілер анықталған. Аудитор жиналған материалдарды құқықтық баға беру үшін дереу Қаржылық мониторинг агенттігіне жолдаған. Сотта ол адамның қоғамдағы беделі мен мәртебесіне қарамастан, қаржы жымқыру белгілерін назардан тыс қалдыруға болмайтынын түсіндірді.
Ал «ҚазТрансГаздың» бұрынғы бас директоры Рустам Сүлейменов Боқаевтың автошеруді ұйымдастыру жұмыстарына өзі жетекшілік етіп, тиісті шешімдерді дербес қабылдағанын мәлімдеді. Айта кетерлігі, Боқаев кеңесші қызметіне компанияны бұған дейін басқарған Қайрат Шәріпбаевтың тұсында тағайындалған. Сүлейменовтің жауабынан Боқаевтың өз бетінше шешім қабылдау мүмкіндігі едәуір кең болғаны, ал бас директордың өзі жобаның қаржылық егжей-тегжейінен хабарсыз қалғаны аңғарылады.
Сотта Боқаевтың Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасында бірге жұмыс істеген бұрынғы бағынышты қызметкері, «MLS-Group» ЖШС-ін басқарған Жармұхамед Сұлтанов та жауап берді. Оның айтуынша, 2018 жылы Боқаев «BM Trust» ЖШС арқылы жүргізілген қаржылық операцияларға оның компаниясын тартқан. Сұлтанов жарнамалық қызметтер үшін 5,6 миллион теңге алғанын растады. Бұл қаражаттың бір бөлігі Боқаевтың «Art Romance» атты жеке жиһаз бизнесін жарнамалауға жұмсалған. Бұдан бөлек, автошеру туралы деректі фильм түсіруге тағы 12,3 миллион теңге түскен. Алайда фильм сол күйі түсірілмеген. Куәгердің айтуынша, ол аталған соманы толықтай қолма-қол ақшаға айналдырып, Боқаевтың өз қолына тапсырған. Сонымен қатар Сұлтанов кейіннен АҚШ-та Боқаевпен бизнес серіктес болғанын, ондағы бірлескен кәсіпорынның 60 пайыздық үлесі Боқаевқа тиесілі болғанын мәлімдеді.
Дегенмен соттағы ең күтпеген мәлімдемелердің бірі Жұлдыз Артықбаеваның жауабы болды деуге негіз бар. «We Can» ЖШС директоры өз компаниясының «ҚазТрансГаз» тендерлеріне қатысу мақсатында құрылуына Боқаевтың тікелей қатысы болғанын айтты. Бұған дейін Боқаев оны «BM Trust» компаниясына жұмысқа орналастырған, ал кейін келісімшарттардың орындалуына қатысты мәселелерді өзі қадағалап отырған.
Артықбаеваның айтуынша, «We Can» компаниясы Қазақстан аумағындағы автошеруді 38 миллион теңгеге өз күшімен ұйымдастырып, жұмсалған шығындарды түбіртектермен және қаржылық құжаттармен растаған. Алайда ол Боқаевтың жиенінің атына тіркелген «BM Trust» ЖШС-мен қатар жасалған, құны 47 миллион теңгеден асатын басқа келісімшарттың бар екенін білмеген.
Бұдан бөлек, куәгер Боқаевтың өтініші бойынша оның жиһаз бизнесінің клиенттерінен жеке банк картасына 9 миллион теңгеден астам қаражат қабылдап, кейін бұл ақшаны қолма-қол күйінде өзіне беріп отырғанын хабарлады. Дәл осындай тәсілмен ол «BM Trust» компаниясынан түскен 1,5 миллион теңгені де қолма-қол ақшаға айналдырған. Сондай-ақ басқа компанияға ақша аудару операцияларын да жүзеге асырған.
Осылайша, сотта жария болған куәгерлердің жауаптары мен зерттелген қаржылық құжаттар алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру эпизодтары бойынша айыптау тарапының нұсқасын едәуір нығайта түсті. Күмәнді келісімшарттардың жасалуына, миллиондаған теңгенің сыртқа шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылуына қатысты мән-жайлар барған сайын айқындала түсуде.
Дегенмен сот процесі әлі аяқталған жоқ. Алда қылмыстық істің өзге эпизодтары қаралады. Осы уақытқа дейін айтылған куәгерлердің жауаптарына сүйенсек, жұртшылық Санжар Боқаевтың қызметіне қатысты әлі талай күтпеген жайттан хабардар болуы мүмкін.
Қалай болғанда да, Боқаевтың ісінен қазірдің өзінде «ескі Қазақстанға» тән жүйенің белгілері анық байқала бастағандай. Бұл – ықпалды басшыларға жақын болу кәсіби біліктіліктен жоғары бағаланған, ашық әрі әділ рәсімдердің орнын жеке уағдаластықтар басқан, ал өзгенің қаржысына қол жеткізу санаулы адамдарға ғана берілген айрықша артықшылық ретінде қабылданған жүйе.



