«300-ден астам адамнан жауап алынды»: Каспий теңізіндегі 14 сарбаздың өлімі бойынша тергеу амалдары жақында бітеді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:38
- 43
Бас прокуратураның Telegram-дағы арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілген.
"Қазірге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Бас прокуратура жақн арада тергеу жұмыстарын аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыруды жоспарлап отырғандарын да тілге тиек етті.
Тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынған. Олар – Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді.
"Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр", - деп мәлімдеді Бас прокуратура.



