Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Алматының 11 оқушысы жасанды интеллект жөніндегі халықаралық конференцияға қатысу үшін Кремний алқабына аттанды (ФОТО)

Алматының 11 оқушысы жасанды интеллект жөніндегі халықаралық конференцияға қатысу үшін Кремний алқабына аттанды (ФОТО)
Алматыдағы AI Talents Almaty білім беру жобасының жеңімпаздары АҚШ-қа жол тартты.

Олар халықаралық технологиялық алаңда Қазақстанның атынан қатысып, жасанды интеллект жөніндегі конференцияға қатысады және осы саладағы әлемдік жаңалықтармен танысады.

AI Talents Almaty – мектеп оқушыларын бағдарламалау мен жасанды интеллект саласына үйретуге бағытталған білім беру жобасы. Бағдарлама Алматы қаласының Цифрландыру басқармасының қолдауымен жүзеге асырылады. Оның ерекшелігі – IT саласында бұрын тәжірибесі болмаған балаларға да мүмкіндік беріледі.

Оқыту бағдарламасы бағдарламалаудың негізгі қағидаларынан басталып, біртіндеп қосымшалар, цифрлық сервистер мен жасанды интеллект агенттерін жасауға ұласады. Оқушылар заманауи құралдармен жұмыс істеуді, процестерді автоматтандыруды және нақты міндеттерді шешуге арналған жобалар әзірлеуді кәсіби тәлімгерлердің жетекшілігімен үйренеді.

«Бағдарлама тәжірибелік оқытуға негізделген. Оқушылар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, жасанды интеллект құралдарын қолдануды, цифрлық өнімдер әзірлеуді және өздерінің AI-агенттерін жасауды үйренеді. Оларға IT индустриясының кәсіби тәлімгерлері мен сарапшылары көмектеседі. Ал алған білімдерін хакатондарда және жеке жобаларын әзірлеу барысында қолданады», – деді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Нұрқанат Сабит.

Жоба аясында бастапқы тестілеуден 10 мың оқушы өткен. Олардың ішінен 1500-і тереңдетілген оқуға іріктелді. Мыңнан астам қатысушы курсты аяқтап, Junior әзірлеуші сертификатын алды және өздерінің цифрлық өнімдерін таныстырды.

Практикалық бағдарлама аясында үш офлайн хакатон ұйымдастырылып, оқушылар өз жобаларын әзірлеп, сарапшылар алдында қорғады. AITK Fest 2026 қорытындысы бойынша 11 жеңімпаз анықталып, оларға Кремний алқабына бару мүмкіндігі берілді.

АҚШ-та алматылық оқушылар NVIDIA компаниясының аға техникалық бағдарламалар менеджері Абхиджит Джошимен (Abhijeet Joshi) кездесіп үлгерді.

Сапардың басты оқиғаларының бірі – 3-6 қараша аралығында өтіп жатқан TechEquity AI Summit 2026 халықаралық саммитіне қатысу. 5 қарашада жасанды интеллекттің дамуы мен оның түрлі салаларда қолданылуына арналған конференцияға бару жоспарланған.

Іс-шараның спикерлері қатарында NVIDIA, Google, Google DeepMind, Snowflake, Meta, IBM, Adobe компанияларының және Стэнфорд университетінің сарапшылары бар.

Сонымен қатар Алматы оқушылары Company Brain Hackathon хакатонына қатысады. Онда олар алған білімдерін тәжірибеде қолданып, өзге әзірлеушілермен тәжірибе алмаспақ.

Сапар бағдарламасына Стэнфорд университеті мен Берклидегі Калифорния университетіне (UC Berkeley) бару да енгізілген. Оқушылар аталған оқу орындарының ғылыми-зерттеу бағыттарымен және білім алу мүмкіндіктерімен танысады.

Бұдан бөлек, олар California PATH зерттеу бағдарламасының 40 жылдығына арналған PATH@40 халықаралық іс-шарасына қатысады. Онда жасанды интеллект, ұшқышсыз көлік және ақылды қалалық инфрақұрылым саласындағы жаңа әзірлемелер таныстырылады.

Бұл сапар оқушыларға әлемдегі жетекші технологиялық компаниялар мен университеттердің жұмысымен танысуға, өз жобаларын халықаралық деңгейде таныстыруға және кәсіби іс-шараларға қатысу тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар