Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Алматыда жауын-шашын болып, қар жауады: әкімдік шұғыл ескерту жасады

Алматыда жауын-шашын болып, қар жауады: әкімдік шұғыл ескерту жасады
Сурет: podrobno.uz
Алматыда 30 миллиметрге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. Қала әкімдігі күн райының бұзылуына байланысты тұрғындарға ескерту жасады. Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшкен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

"Қазгидромет" РМК болжамына сәйкес, қаланың кейбір аудандарында нөсер жауып, Алматының жоғарғы бөлігінде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін.

Жауын-шашынның негізгі бөлігі 11 қарашаға қараған түні түседі деп болжанып отыр. Қалада 20 мм-ге дейін, таулы аумақтарда 30 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі ықтимал. Күндіз тағы 5-7 мм жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Синоптиктер 12 қарашаға қараған түні де жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі деп болжайды.

"Ауа райының қолайсыздығына байланысты қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Су басу қаупі бар аумақтарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригада жұмылдырылады. Сондай-ақ 415 техника, 97 мотопомпа және құм салынған 2 950 қап дайындалды. Сонымен қатар қаланы күнделікті тазалау және күтіп ұстау жұмыстарына 3 080 жол саласы жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника тартылады", - делінген хабарламада.

Әкімдік Алматы тұрғындары мен қонақтарын қолайсыз ауа райы кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырады. Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, арақашықтықты сақтау және су жиналуы мүмкін жерлерге көлік қоймау ұсынылады.

"Мүмкіндігінше таулы аймақтарға бармаған жөн. Ал қатты жел кезінде ағаштардың астында, жарнама қалқандары мен электр желілерінің маңында жүрмеген абзал. Қалалық қызметтер ахуалды жіті қадағалап отыр және қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге дайын", - делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар