Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Елімізде тағы бір ұлттық жоғары оқу орны пайда болады

Елімізде тағы бір ұлттық жоғары оқу орны пайда болады
Сурет: Depositphotos.com
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылданғанын атап өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Шымкент қаласын оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамыту жоспарға алынған.

"Тағы бір маңызды мәселе. Бүгінде Қазақстанда үш ірі қала бар. Соның ішінде Астана мен Алматы еліміздің зияткерлік, ғылыми және мәдени орталығы болып саналады. Себебі бұл қалаларда Қазақстандағы жетекші ұлттық университеттер орналасқан. Ендігі кезекте Шымкент қаласын оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамытуды көздеп отырмыз", - деді Президент Тоқаев.

Ол қазірдің өзінде нақты қадамдар жасалғанын атап өтті. Шаһарда Аризона штаты университетінің (Arizona State University) білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды.

"Бүгінгі форумға бұл университеттің ректоры, профессор Угур Унал қатысып отыр. Бүгін сөз сөйледі. Сізге ризашылығымызды білдіреміз.
Бұл жұмысты одан әрі жандандырып, Шымкенттің ғылым және білім саласындағы әлеуетін күшейте түсуіміз қажет. Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші студент осы университетте оқиды. Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар, құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді.

Ел Президентінің айтуынша, сондықтан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс.

Сондай-ақ Президент елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашқанын атап өтті. Осы білім ордаларында 12 мыңнан аса студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден аса профессор бар.

Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар