Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстанда дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы 20-50 пайызға өседі

Қазақстанда дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы 20-50 пайызға өседі
Сурет: depositphotos.com
Денсаулық сақтау министрлігі тиісті қаулы жобасын 2027 жылдан бастап емханалардағы бірқатар медицина қызметкеріне еңбек өтіліне қарай қосымша ақы төлеу жобасын әзірледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Құжатқа сәйкес, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында үздіксіз жұмыс істеген дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлеріне мынадай үстемеақы белгіленуі мүмкін:

  • 2 жылдан асса – лауазымдық жалақының 20 пайызы;
  • 3 жылдан асса – 30 пайызы;
  • 5 жылдан асса – 50 пайызы.

Бұл төлем учаскелік терапевтерге, педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, фельдшерлерге, акушерлерге, сондай-ақ учаскелік, патронаждық және мектеп медбикелеріне қарастырылған.

Мысалы, қызметкердің лауазымдық жалақысы 200 мың теңге болса, бес жылдан астам еңбек өтілі үшін оған ай сайын 100 мың теңге қосымша төленуі мүмкін.

Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге үстемеақыны еңбек өтіліне емес, психоэмоциялық және физикалық жүктемеге қарай есептеу ұсынылған.

Халықпен тікелей жұмыс істейтін:

  • психологтарға – базалық лауазымдық жалақының 300 пайызы;
  • әлеуметтік қызметкерлерге – базалық лауазымдық жалақының 200 пайызы мөлшерінде қосымша ақы қарастырылмақ.

Алайда базалық лауазымдық жалақы қызметкердің нақты лауазымдық жалақысынан бөлек есептік көрсеткіш саналады. Сондықтан бұл өзгеріс олардың жалпы табысы бірден үш немесе төрт есе өседі дегенді білдірмейді.

Жаңа төлемдер емханалардағы кадр тапшылығын азайтып, мамандарды жұмыс орнында ұстап қалуға бағытталған.

Қаулы жобасы 19 қарашада "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 7 желтоқсанға дейін жалғасады. Құжат әзірге қабылданған жоқ.

 

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар