Екеуі түнде оңаша кездескен: Малайзияда полицияға ұсталған бұрынғы ерлі-зайыпты жауапқа тартылмақ
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:30
- 1
Mothership мәліметінше, оқиға 21 қарашада Джохор штатының Понтиан ауданында болған. Түнгі сағат екі шамасында діни полиция қызметкерлеріне анонимді хабарлама түскен. Тексеруге барса, үйден олар әйелдің бір жылдан аса уақыт бұрын ажырасқан бұрынғы күйеуін тапқан.
Жұп "халуат" жасады деген күдікке ілінді. Ислам құқығында некеде жоқ және жақын туыс емес ер мен әйелдің оңаша қалуын осылай атайды.
Ер адам ортақ балаларына келуге рұқсат алғанын айтқан. Қызметкерлер қонақ бөлмесінде ұйықтап жатқан екі бүлдіршінді көрген.
Басылым ақпаратынша, бұрынғы ерлі-зайыптыға мүмкіндігінше тез арада қайта некеге тұруға кеңес берілген, өйткені қызметкерлердің пікірінше, олардың арасында романтикалық байланыс сақталған.
Ер мен әйелге қандай жаза қолданылуы мүмкін екені әлі хабарланған жоқ.
Малайзияның барлық штатында некеде тұрмаған мұсылмандарға, егер олар жақын туыс болмаса, жабық кеңістікте (пәтерде, қонақүй бөлмесінде, көлікте) басқа жыныс өкілімен оңаша қалуға тыйым салатын заңдар бар. Шариғат құқығы тұрғысынан ажырасқан ерлі-зайыпты белгілі бір мерзім өткеннен кейін бір-біріне бөтен адам болып саналады, сондықтан олардың куәгерсіз кездесуі осы бапқа жатады.
Ұстау әдетте хаттама толтырумен, сотқа шақыртумен, орта есеппен 3000 ринггитке дейін 300–350 мың теңгеге жуық) айыппұлмен немесе сирек жағдайда қысқа мерзімді түрмеге қамаумен аяқталады.



