Спортшының көзі тірісіндегі сұхбатынан үзінді.
Марқұм Денис Тен көзі тірісінде Kazakh TV арнасына берген сұхбатында өзінің жан-дүниесі бірінші кезекте қазақ екенін, туған отанына деген махаббатын іс-әрекеті арқылы көрсететінін айтып өтті, деп хабарлайды Kyn.kz ақпарат агенттігі.
«Мен Америкада ешнәрсе көрген жоқпын. Тіпті, бірде бір рет кинотеатрға барып көрмеппін. Диснейленд тұратын жерімнен бір сағаттай қашықтықта орналасқанына қарамастан, оған да барып көрген емеспін. Мен бар болғаны ол жерде спортпен шұғылданамын. Жай ғана келіп демалуға менің уақытым жоқ. Шынымды айтсам, зауқым да жоқ.
Себебі, мен ол жерге спортпен шұғылдану үшін барып тұрмын. Менің тренерлерім сол жақта тұрады. Яғни профессионалдық атмосфера үшін ғана осындай қадамға барып отырмын. Мен бұл мемлекеттің фанатымын ба? Шетелге шыққанды жақсы көремін бе? деген сауалдар туындап отырған шығар. Мен бірінші кезекте қазақпын. Ойым да, менталитетім де қазаққа тән. Шешім қабылдар кезде бірінші осы жердің азаматы екенімді еске аламын», - дейді спортшы.
Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанаушы патриотизмді сөзбен емес, іспен көрсетуді жөн көретінін айтып өтті. Мысал ретінде қарапайым көшеге қоқыс тастамауды алды.
«Патриотизм дегеніміз мен үшін рухани термин. Мемлекетіңді, отаныңды құрметтеу. Бірақ, махаббатым сөздер арқылы немесе белгілі бір үндеулер арқылы көрініс таппайды. Патриот екенімді қарапайым заттар арқылы көрсеткім келеді. Мысалы, көшеде кетіп бара жатып жерге қоқыс тастамау. Күні кеше Димаш екеуіміз жолықтық. Түннің бір уағында студияда отырып қарнымыз ашты. Алматыда қай жерде дәмді тағамдар әзірлейтінін жақсы білемін. Ал Астанада мұндайдан бейхабармын. Бір уақытта Димаш «Тыңдашы, сен өзі асханаға баратын ба едің?» деп сұрады. «Мен «иә». Неге бармасқа?!» деп жауап қайырдым. Ол мені осыным үшін құрметтейтінін айтып, қолымды алды. Димаштың айтуынша, бізде қарапайым жерлерге барғылары келмейтін жұлдыздар бар. Тіпті «Бұл жер мен үшін арналмаған» деп айтатын көрінеді. Қанша табысты, мықты болғаныңа қарамастан, сен бірінші кезекте адамсың. Ең бастысы, сенде өмір бар және бұл өмірде бәрі тең. Өмір – өте нәзік нәрсе. Ертең не болатынын білмейсің. Меніңше, патриотизм, отанға деген махаббат осындай қарапайым нәрселерді түсінуден басталады», - дейді Денис Тен.
Естеріңізге сала кетсек, 19 шілде күні Алматы екі азамат Денис Тенді пышақпен жарақаттаған болатын. Қайғылы оқиға Құрманғазы мен Бәйсейітова көшелерінің қиылысында болған. Спортшы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды. Күдіктілердің біреуі ұсталып, кінәсін толықтай мойындады. Екіншісі әзірге іздестіріліп жатыр.
Автор: Kyn.kz