Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Алматы тау кластерін іске асыру нәтижелері

Алматы тау кластерін іске асыру нәтижелері
ЖИ
Алматы тауларының туризмді, спортты, демалыс саласын және қала экономикасын дамытуда әлеуеті зор. Алматы тау кластері (АТК) осы әлеуетті ашуға, тау аймақтарын өзара байланыстыратын бірыңғай жүйе қалыптастыруға, қала тұрғындары мен қонақтарының демалу мүмкіндіктерін кеңейтуге, туристік қызметтерді, көлік қолжетімділігі мен қауіпсіздік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Жоба тау аймақтарын жыл бойы пайдалануды, туристік қызметтердің сапасын арттыруды және Алматы үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруды көздейді.

Жобаны іске асырудың алғашқы нәтижелері

Шымбұлақта ұзындығы 830 метр болатын төрт орындық S5 аспалы жолы мен ұзындығы 730 метр болатын S6 сүйретпелі көтергіші орнатылып жатыр. Екі нысанның да тіректері орнатылған.

Бұтақты шатқалында болашақ аспалы жол станцияларының алаңдарын дайындау және инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Кімасарда базалық станцияның алаңы дайындалған.

Жаңа нысандарды іске қосу курорттардың өткізу қабілетін арттыруға, келушілерді шаңғы трассалары бойынша тиімді бөлуге, сырғанау сапасы мен жайлылығын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жаңа туристік мүмкіндіктер

Жобаны іске асыру нәтижесінде аспалы жолдардың санын 16-дан 48-ге, тау шаңғысы трассаларының ұзындығын 41-ден 150 шақырымға, ал тау аймақтарының өткізу қабілетін тәулігіне 6 мыңнан 30 мың адамға дейін арттыру жоспарланып отыр. Осылайша, тау инфрақұрылымының келушілерді қабылдау мүмкіндігі бес есеге артады.

Шымбұлақ, Кімасар, Бұтақты, Пионер және Ой-Қарағай бес тау аймағын біріктіру ортақ ски-пассы бар бірыңғай демалыс жүйесін қалыптастыруға, туристік бағыттарды көбейтуге және келушілер ағынын аймақтар арасында тиімді бөлуге мүмкіндік береді.

Туристік қызметтер аясын кеңейту тау шаңғысы, отбасылық, экологиялық, сауықтыру және жазғы туризмді дамытуға жол ашып, таудағы демалысқа жыл бойы сұраныс қалыптастырады.

Келушілердің қауіпсіздігі

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету қар көшкінінен қорғауды, ауа райы мен табиғи жағдайларды тәулік бойы бақылауды, құтқару және медициналық инфрақұрылымды қамтитын кешенді тәсіл негізінде жүзеге асырылады.

Құтқару бекеттерін, медициналық пункттерді, тікұшақ алаңдарын салу, арнайы жабдықтар мен табиғи қауіп-қатерлер туралы алдын ала ескертетін заманауи жүйелерді енгізу көзделген.

Сонымен қатар келушілердің тау аумағында бағдар табуына, маршруттар, ауа райы және инфрақұрылымның қолжетімділігі туралы ақпарат алуына мүмкіндік беретін цифрлық навигация мен ақпараттық жүйелер қарастырылған.

Бұл шаралар спортпен шұғылдану, серуендеу және отбасылық демалыс кезінде қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

Салауатты өмір салтына арналған инфрақұрылым

Тау аймақтары жылдың кез келген мезгілінде дене шынықтырумен, спортпен тұрақты айналысуға және демалуға қолайлы кеңістік ретінде дамытылады.

Almaty 500K бағдарламасы тау спорты түрлерін насихаттауды, шаңғы мектептерін дамытуды, бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізуді, балалар мен жастарға арналған білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды, нұсқаушылар даярлауды және спорттық жабдықтардың қолжетімділігін арттыруды көздейді.

Қыс мезгілінде тау шаңғысы, сноуборд және басқа да қысқы спорт түрлері негізгі бағыт болып қала береді. Ал жылы мезгілде инфрақұрылым жаяу серуендеу, хайкинг, треккинг, велоспорт және табиғат аясында демалу үшін пайдаланылады.

Әлеуметтік бағыт

Жобаның негізгі бағыттарының бірі – халықтың түрлі санаттары үшін таудағы демалыстың қолжетімділігін арттыру.

Кедергісіз орта қалыптастыру, бейімделген спорт түрлерін дамыту, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру, балаларға, зейнеткерлерге және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жеңілдікпен қызмет көрсету қарастырылған.

«Пионер» курортының әлеуметтік және инклюзивті қызметін сақтауға, даму ерекшеліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымды жетілдіруге ерекше мән беріледі. Бұл Алматы тұрғындарының неғұрлым көп бөлігінің тауда демалуына, спортпен айналысуына және денсаулығын нығайтуына мүмкіндік береді.

Экономикалық нәтижелер

Алматы тау кластерінің экономикалық тиімділігі туристік индустриямен қатар қала экономикасының сабақтас салаларына да оң ықпал етеді.

Болжам бойынша, тау индустриясын дамыту аясында тікелей құрылатын жұмыс орындарының саны 15 мыңға жетуі мүмкін. Жобаның жыл сайынғы экономикалық тиімділігі 1 триллион теңгеден асуы ықтимал. Ал жыл сайынғы салық түсімдері 91,5 миллиард теңгеден 117,3 миллиард теңгеге дейін өседі деп болжанып отыр.

Қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, жабдықтарды жалға беру, туристік қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындар, жергілікті өндірушілер және шағын және орта бизнес өкілдері үшін қосымша даму мүмкіндіктері пайда болады.

Тау туризмін дамыту мультипликативтік әсер береді. Туристердің шығындары қызметтерге деген сұранысты арттырып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына, жұмыс істеп тұрған бизнестің кеңеюіне және халықты жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне ықпал етеді.

Адами капиталды дамыту

Заманауи тау индустриясын қалыптастыру үшін туризм, қонақүй бизнесі, спорттық менеджмент, инженерия, техникалық қызмет көрсету, қауіпсіздік және курорттарды басқару салаларында білікті мамандар қажет.

Бұл бағытта кәсіби даярлауды, біліктілікті арттыруды, тәжірибелік оқыту мен тағылымдамадан өтуді көздейтін Almaty Tau Academy білім беру экожүйесі маңызды рөл атқарады.

Халықаралық серіктестердің қатысуымен білім алу және жұмыс істеп тұрған туристік нысандарда тәжірибеден өту жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруіне және жаңа мансаптық мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жол ашады.

Экологиялық жауапкершілік

Жобаны экологиялық тұрғыдан сүйемелдеу салалық мамандар мен ғылыми институттардың қатысуымен тау аймақтарын жоспарлау және дамытуда ғылыми тәсілдерді қолдануды көздейді.

Басым бағыттар қатарында табиғи жер бедеріне араласуды барынша азайту, жабайы жануарлардың қозғалысына арналған экологиялық дәліздерді сақтау, су ресурстары мен су жинау аумақтарын қорғау, тұрақты экологиялық мониторинг жүргізу және археологиялық мұра нысандарын сақтау бар.

Туристік ағындарды ұйымдастыру, инфрақұрылымды дамыту және табиғи ортаны бақылау тау аймақтарының экологиялық ерекшеліктерін ескеруге және адам әрекетінен туындайтын табиғатқа түсетін жүктемені азайтуға бағытталған өзара байланысты шаралар ретінде қарастырылады.

Көлік қолжетімділігі

Қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау үшін Hub-and-Spoke көлік моделі енгізіледі. Бұл жүйе автокөліктерді арнайы тұрақтарға қалдырып, шаттл автобустарына ауысу және тау аймақтары мен аспалы жол станцияларына ұйымдасқан түрде жету қағидатына негізделген.

Автотұрақ инфрақұрылымын құру, электрлі шаттлдарды іске қосу, қоғамдық көлік бағыттарын жетілдіру және туристік аймақтар арасындағы көлік байланысын жақсарту жоспарланған.

Мұндай тәсіл тауға баруды жеңілдетуге, ретсіз көлік тұрақтарын азайтуға және тау жолдарына түсетін автокөлік жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.

Халықаралық деңгейдегі спорттық инфрақұрылым

Алматы тау кластері аясында тау инфрақұрылымын дамыту және спорттық база қалыптастыру спортшыларды даярлауға, оқу-жаттығу жиындарын және халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.

Заманауи инфрақұрылым, күрделілік деңгейі әртүрлі трассалар, қауіпсіздік жүйелері және кәсіби қызмет көрсету – қысқы спорт түрлерін дамытудың және Алматының халықаралық тау туризмі бағытындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды шарттары.

Ұзақ мерзімді перспективада спорттық инфрақұрылымды дамыту 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын қоса алғанда, ірі халықаралық іс-шараларға дайындалуға және қаланың спорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Алматы үшін күтілетін нәтиже

Осылайша, Алматы тау кластері туризм, спорт, демалыс, көлік, қауіпсіздік, экологиялық жауапкершілік және экономика өзара байланысты бағыттар ретінде қарастырылатын тау аймақтарын дамытудың ұзақ мерзімді моделін қалыптастырады.

Жобаның күтілетін нәтижесі – қала тұрғындарының демалу және денсаулығын нығайту мүмкіндіктерін кеңейту, туристік индустрияны дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау және жыл бойы жұмыс істейтін заманауи тау инфрақұрылымын қалыптастыру.

Бұл Алматының туристік әлеуетін арттырып, халықаралық туризм нарығындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар