Боқаевтың жиені автошеруге бөлінген ақшаның қайда кеткенін прокурорға түсіндіріп бере алмады
- автор kyn.kz
- Бүгін, 20:00
- 1
Медиация аясында келтірілген залалды өтеуге дайын болу іс жүзінде кінәні мойындауды білдіреді. Алайда Қалменов формалды түрде қылмыстық ниеті болмағанын жоққа шығаруды жалғастырды. Судья Қалменовті жауап беруге шақырғанда, Боқаев орнынан айқайлап, алдымен өзіне сөз беруді талап етті. Соған қарамастан сот белгіленген кезек тәртібін өзгертпеді.
Өз жауабында Қалменов «BM Trust» ЖШС-нің тек номиналды директоры әрі құрылтайшысы болғанын, ал қаржы мен құжаттарды іс жүзінде Боқаев пен Артықбаева басқарғанын мәлімдеді. Ол тек тапсырмаларды орындаған: электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) үшінші тұлғаларға берген, компанияның мөрін Боқаевта қалдырған және оның нұсқауымен шоттардан қолма-қол ақша шешіп отырғанын алға тартты. Көп жағдайда бұл операциялардың қандай мақсатта жасалғанын да білмегенін жеткізді.
Қалменов кәсіподақпен жасалған 47,9 млн теңгелік шартқа, сондай-ақ 36,5 млн және 14,3 млн теңгеге рәсімделген төлем шоттары мен орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғанын жоққа шығарды.
Халықаралық автошеру туралы сөзінде Қалменов «BM Trust» компаниясын бұл жобаға тартуды сол кезде «ҚазТрансГазда» жұмыс істеген Боқаев ұсынғанын растады. Сондай-ақ, сметаның тапсырыс беруші сұратқан сомаға сәйкестендіру үшін бірнеше рет «түзетілгенін» айтты.
Прокурор жауап алуға кіріскенде, Қалменов шығындардың нақты есебін түсіндіріп бере алмады. Келісімшарт сомасы 47 млн теңге болған жағдайда, ол 33 млн теңге шығын жұмсалып, 14 млн теңге пайда қалғанын айтты. Алайда қаражаттың негізгі бөлігі нақты қандай мақсаттарға жұмсалғанын егжей-тегжейлі түсіндіре алмады. Сондай-ақ, ол өз шығындарын делегацияның ҚХР аумағында тұруына Қытай тарапынан жұмсалған қаражатты ажыратып көрсете алмады.
Қалменов кәсіподақтан компанияның бірнеше миллион теңге көлеміндегі тапсырыстарды қалай алғанын және 6 млн теңгеден астам қолма-қол шешілген қаражаттың қайда жұмсалғанын да түсіндіре алмады. Бұдан бөлек, деректі фильмнің шынымен түсірілген-түсірілмегені туралы тікелей қойылған сұраққа ол жауап беруден бас тартты.
Еске сала кетейік, бұған дейін куәгер Сұлтанов сотта осы фильмді түсіруге жасалған келісімшарт бойынша бөлінген ақшаның қолма-қол шешіліп, Боқаевқа берілгенін айтқан болатын.
Сұрақтар нақтыланған сайын Қалменов жауап беруден жалтарып, ұмытып қалғанын жиі алға тартты немесе жауап беруден мүлде бас тартты. Ал адвокаттар бұған бірнеше рет қарсылық білдірді. Нәтижесінде ол «ҚазТрансГаз» кәсіподағына шамамен 42 млн теңге көлеміндегі материалдық залалды өтеуге дайын екенін растады.
Осылайша Қалменовтің соттағы жауабы бұған дейінгі отырыстарда анықталған мән-жайларды толықтыра түсті. Бұған дейін қорғау тарапының өзі шақырған, «BM Trust» және «We Can» ЖШС-лерінің мәмілелерін тексерген аудитор сотта қажетті құжаттардың болмауына байланысты қызметтердің нақты өзіндік құнын, пайда мөлшерін анықтай алмайтынын және болжамды жымқыру сомасына күмән келтіретін есепті де ұсына алмайтынын мойындаған еді.
Енді компанияның ресми директоры да «ҚазТрансГазбен» жасалған келісімшарттар бойынша шығындарды растай алмады. Сонымен қатар ол іс жүзінде қаражат қолында болған тұлға ретінде Санжар Боқаевты көрсетті.


