Жан Ахмадиев Санжар Боқаевтың Дариға Назарбаеваның кеңесшісі болғанын еске салды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 16:09
- 1
Блогердің айтуынша, Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Санжар Боқаевты 10 жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ оған 10 жыл бойы журналистика саласында жұмыс істеуге тыйым салынған.
Ахмадиевтің сөзінше, сотта Боқаевтың 2018 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ автокеруенге бөлген 42 миллион теңгені жымқыруды ұйымдастырғаны дәлелденді.
Блогер сондай-ақ Боқаевтың сол кезеңде Қайрат Шәріпбаев басқарған «ҚазТрансГаз» компаниясында кеңесші қызметін атқарғанын, кейін Дариға Назарбаеваның штаттан тыс кеңесшісі болғанын атап өтті.
Ахмадиев жариялаған бейнежазбада Боқаевтың Дариға Назарбаева туралы бұрын берген сұхбатынан үзінді келтірілген.
«Ол маған: «Менің кеңесшім болыңыз», – деді. Мен тек штаттан тыс кеңесші болсам ғана», – дедім. Ол: «Жарайды, штаттан тыс болсын», – деді. Сөйтіп, шамамен жарты жыл бойы жазбалар дайындап, көмектесіп жүрдім. Дариға Нұрсұлтанқызын жеке танитын адамдар оның өте мейірімді жан екенін біледі», – деген Санжар Бокаев.
Жан Ахмадиев осы жайттарға назар аударып, «Не деген парадокс?!» деп пікір білдірді.
Блогердің айтуынша, сот Боқаевты аса ірі мөлшердегі алаяқтық, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша кінәлі деп таныған.



