Юлия Галышева Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарында могулдан қола жүлде иеленген еді
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов могулдан қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышеваға құрмет көрсетті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қысқы Олимпиада ойындарында могулдан ел тарихында алғаш рет медаль иеленген Юлия Галышеваға жерлестері сый жасады.
ХХІ халық спорты ойындарының салтанатты ашылуында аймақ басшысы Даниал Ахметов отандық спорт жұлдызына пәтер кілтін, "Peugeot" автокөлігі мен 16 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
"Шығыс Қазақстанның барша тұрғынына зор ризашылығымды білдіремін. Туған жеріңде құрметке бөлену Олимпиада марапатына тең. Жарыстарға дайындалып жүрмін, сіздердің үміттеріңізді ақтауға тырысамын", — деді Галышева.
Айта кетсек, биыл ХХІ халық спорты ойындары Астананың 20 жылдығына арналып отыр. Облыста төрт күн бойы өңірде тұратын барлық этностың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Оған облыс қалалары мен аудандарынан мықты спортшылар жиналған.
ХХІ халық спорты ойындарының жабылу салтанаты 27 мамырға жоспарланған. Барлығы 20 спорт түрінен 170 медаль жиынтығы сарапқа салынады.