
Қалалық тамақтану орталығында 11 адам уланып, қылмыстық іс қозғалды.
Шымкенттегі дәмханалардың бірінде мерекелік кешкі астан кейін он бір адам уланып қалды, деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
11 адамның барлығы тамыздың бесінен алтысына қараған түні "улану" диагнозымен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түсті.
Шымкент полициясы улану фактісі бойынша ҚР қылмыстық кодексінің "Санитариялық және гигиеналық нормаларды бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қазақстанда астан улану оқиғасы соңғы рет Лисаковта шілденің соңында болған еді, ол кезде кеніштегі асханада "Қазақстан алюминийі" АҚ-ның 45 қызметері уланды. Олардың жартысына жуығының улануына сальмонеллез себеп болғаны анықталды.