Басты жаңалықтар
Ұрылар маза бермейді: Ақтөбеліктер баспасын тұрғыза алмай жүр
- автор kyn.kz
- 7 тамыз, 2018
- 295
Ақтөбе тұрғындары үйлерін тұрғызып бітіре алмай отырмыз деп дабыл қағуда. Айтуларынша, ұрылар құрылыс материалдарын былай тұрсын, саз балшық илейтін ыдысқа дейін үптеп кеткен.
Ауылдықтар ұрылар кеш қарайғанда «жорыққа» шығады деп топшылайды. Қай үй қараусыз екенін де білетінге ұқсайды. Бас-аяғы салынып біткен 100 шақты түтіннің арасында ұры-қары түспеген үй аз. Бұл туралы Евразия бірінші арнасы жазды.
Жаңақоныстықтар үйіне түскен ұрыны ұстап алмағаннан кейін, полицейлердің тауып беретініне күмәнмен қарайтындарын айтады.
«Іздегенде, кімнен іздейсің? Осындағы ауыл адамдары болып whats app группа ашып алдық, сонда жазып сұраймыз кім алды, көргендер бар ма деп. Ешкім білмейді, ешкім көрмеген», -дейді ауыл тұрғыны.
:Жаңақоныс- 2 ауылынан кезекте тұрған 1045 адамға жер учаскесі берілген. Тиесілі жер телімін алғандар лезде құрылысты бастап кеткенімен, су, көгілдір отын мен электр қуаты жүргізілмегесін, баспаналарына қоныстана алмай отыр. Қарапайым тұрғындар қарызданып-қауғаланып жүріп несиеге алғанының бәрі қолды болып кеткеніне налиды. Шенділер аты дардай Астана ауданына қарасты ауылды өркениеттен жұрдай елді мекен етпей, мәселелерін шешіп беруді сұрайды.
«Ұрлық-қарлық болатын себебі- коммуникация желілерінің жүрмей тұрғаны. Жоғары кернеулі ток жүріп жатыр, не қиындығы бар үкімет үшін деп ойлаймын. Газ жүріп жатыр жолдың жиегінде. Соның бәрін тез-тез жүргізіп берсе, адам болмағанның кесірі осы- ұрлық-қарлық бәрі», -дейді ауыл тұрғыны Жұмамұрат Иманғалиев.
Әкімдіктегілер Жаңақоныстың мәселесінен хабардар. Биыл газбен қамтамасыз ету жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізген. Электр қуатын тарту мәселесі де шешілетінін айтты.
Ауылдың аймағы күнен-күнге ұлғайып келеді. Іргесіндегі Жаңақоныс 3, 4 деген аумақтардан жер учаскелері беріліп жатыр. Ол жерлерге де әлі коммуникация желілері жүргізілмеген.