Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Зейнетақы қоры 41 миллиардтан аса қарызын қылмыстық іспен қудалап қайтармақшы

Зейнетақы қоры 41 миллиардтан аса қарызын қылмыстық іспен қудалап қайтармақшы
ашық дереккөз
Қордан алған ақшасын уақытылы бермей, жылдар бойы созып жүрген 20 компания бар. Олардың бірінің тірлігі шатқаяқтаса, енді бірі түбегейлі банкротқа ұшыраған. Ал мұндай эмитенттерден қомақты берешекті бүгінде зейнетақы қоры өндіріп алмақшы
Бұл туралы КТК арнасы жазды. - Қарыз күліп барып, жылап қайтады. Ал зейнетақы қорының проблемалық активтері қай жолмен де қайтар емес. Алған ақшасын жылдар бойы бермей, жырға айналдырған әлі 20 берешек компания бар. Оларда жатқан қаржының жалпы соммасы 41 миллиард 150 миллионды құрайды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл қарыздарын азаматтық тәртіпте-ақ өндіруге тырысқан. Алайда нәтижесі шамалы болды. Сондықтан, алған ақшасын қайтаруға құлықсыз компаниялардың үстінен қылмыстық іс қозғатпасқа амал қалмапты. Осыны қолға алғандары сол екен, кей эмитенттердің инвестицияларды мақсатсыз жұмсағандары әшкере бола бастапты. Назым Бақтыбаев, «БЖЗҚ» заң департаментінің директоры: - «Казнефтехим» компаниясы зейнетақы қорынан алған қаржыны өзге мақсатта жұмсаған. Біз бұл кәсіпорын басшысын қылмыстық жауапкершілікке тартқызу үшін құқық қорғау органына шағым түсірдік. Сондай-ақ, «Өрнек ХХІ»  компаниясының да 2 миллиард теңгеден астам ақшаны негізсіз шашқаны анықталып отыр. Зейнетақы қорының бас қайғысына айналған эмитенттердің бірі «Қазақстан қағазы». Былтыр желтоқсанда сот шешімімен бұл кәсіпорын банкрот болған. Алайда, қордың шағымымен кәсіпорынды сауықтыру шаралары қайта жалғасқан-ды. Бір қуантарлығы, тықыр таянған «Қазақстан қағазы» Лондонда өз акционерімен соттасып, жеңіп шықты. Сөйтіп, Мақсат Әріп компанияға 315 миллион АҚШ долларын қайтаруға міндеттелген болатын. Назым Бақтыбаев, «БЖЗҚ» заң департаментінің директоры: -Бұған дейін Мақсат Әріптің 112 миллион доллары бұғатталған. Енді Лондоннан оған тиесілі болуы мүмкін 6 жылжымайтын мүлік табылды. Олардың жалпы құны 25 миллион долларды құрайды екен. Алдағы сот отырысында аталған мүліктің Мақсат Әріпке тиесілі немесе оныкі еместігі шешілетін болады. Егер нысандар расымен Әріпке тиесілі болып шықса, «Қазақстан қағазының» қор алдындағы қарызы кемиді деген сөз. Ұйымның «HOMEBROKER» компаниясына құйған инвестициясының да қайтуы қиын болып тұр. Бұл кәсіпорын 4 жыл бұрын дефолтқа ұшыраған. Оның қарызды қайтаратын не ақшасы, не мүлкі жоқ. Ал олардан қарыз алғандардың қатарында "ҚазақАлтынды басқарған әйгілі кәсіпкерлер әулеті -Асаубаевтар да болған. Бірақ, өткен жылы оның бала-шағасы сот шешімімен эмитенттің борышкерлері тізімімен аяқасты алынып тасталыпты. Енді қор бұл шешімге қатысты шағым түсіргелі жатыр. Осының бәріне қарағанда, 41 миллиардтың кері оралуы әлі біраз уақытты қажет ететін сыңайлы.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар