Басты жаңалықтар
Алғаш рет сұраққа жауап берді: Қасымов Денис Теннің өлімінен кейін журналистермен бірінші рет тілдесті
- автор kyn.kz
- 7 тамыз, 2018
- 220
Бүгін Ішкі Істер Министрі Қалмұханбет Қасымов марқұм Денис Теннің өліміне қатысы бар деп айыпталған үшінші күдікті Жанар Толыбаева жайында мәлімдеме жасады.
Тілшілердің сұрағына алғаш рет жауап берген Қалмұханбет Қасымов үшінші күдікті жайлы жаңа деректерді мәлім етті. Айтуынша, қашып жүрген бойжеткенді құқық қорғау органдары әрең ұстап алған.
"Бойжеткен тергеу кезінде бізге ештеңе айтпай қойды. Жалпы, осы үшінші күдіктіні ұстау оңай болмады. Ол қылмыс болған түні сайда жасырынған. Кейін сағат сайын мекен-жайын ауыстырды. Ақсай ықшамауадында арнайы операция жүргізіліп, 18:40-та үшінші күдікті қамауға алынды. Күдіктілер өзге өңірден келген",- дейді еліміздің бас полицейі.
Министр Қалмұханбет Қасымов күдікті Толыбаева Жамбыл облысынан Алматыға даяшы болып жұмыс істеуге келгенін айтады. Ол қазіргі таңда қамауда отырған Қиясов және Құдайбергеновпен қоян-қолтық араласқанын жасырмады. Тіпті, мәнерлеп сырғанаушыны Денис Тенді өлтіргендерінен де хабардар болған екен.
Ресей Ішкі істер министрі Владимир Колокольцевпен Алматыда кездесуі барысында Қасымовқа журналистер Денис Тенге қатысты сұрақтарын қарша боратты. Сондай-ақ, министр Алматы Ішкі істер департаментінің басшысын орнынан алып тастауға ешқандай негіз жоқ екенін айтты.
Жалпы, елімізде қылмыстың 20 пайызы осы алып шаһарда тіркеледі. Ал көлік айналарын ұрлап сататын бұзақылар, әсіресе, Алматы қаласында өте көп. Автобөлшек ұрлау дерегінің 90 пайызы Алматыда тіркелді. Қасымов соңғы жылдары көлік бөлшектерімен қатар ұялы телефон ұрлау да белең алды дейді. Жарты жылдың ішінде төрт мыңнан астам телефон ұрлаған адам ұсталған.
Сондай-ақ Қалмұханбет Қасымов Олимпиада жүлдегері, марқұм Денис Тен өлімінен кейін алғаш рет журналистер сұрағына жауап берді.