Басты жаңалықтар
Назарбаев: тарихта алғаш рет қазақтар астана үшін орын таңдай алды
- автор kyn.kz
- 6 маусым, 2018
- 413
Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторларға Қазақстанның жетістіктері мен Астананың ел халқы үшін маңызы қандай зор екенін айтты
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республиканың өткен он жылдағы жетістіктері туралы айтты.
Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Елбасы Қазақстанның жетістіктерге жетуінде шетелдік компаниялардың да үлесі барын атап өтті.
"Мен өз халқымның атынан сіздерге шын жүректен алғыс айтамын және зор денсаулық, ал компанияларыңызға табыс тілеймін. Әлі де бірлесіп біраз шаруа тындырамыз деген ойдамын", — деді президент.
Оның айтуынша, бүгінде барлығы "қарқынды және жаһандық өзгерістер мен қиындықтардың" куәсі болып отыр. Әлемдегі терроризм, соғыс, санкциялар мен ұлы державалар арасындағы текетірес – осы қиындықтың барлығын еңсеру керек, бұлар Қазақстанға да әсерін тигізеді, деді Назарбаев.
Сондай-ақ, президент Қазақстанның халықаралық резервтері 90 миллиард доллардан асып жығылғанын, ал Дүнижүзілік банктің Doing Business рейтингінде еліміз соңғы он жылда 64-тен 36-орынға көтерілгенін атап өтті.
"Аз уақыт аралығында біз жаңа астанамызды салдық, тарихта алғаш рет қазақтар елорда үшін орын таңдап, өз астанасын салу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде қазақстандықтар елордамен мақтанады, қонақтар қаланың келбетіне тамсана қарайды. Ол сіздердің көз алдыңызда, ен далада бой көтерді", — деп түйіндеді Назарбаев.
Айта кетсек, биыл шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлы отырысы "Жеделдетілген жаңғыру" тақырыбына арналды. Келесі отырыс елордада 2019 жылдың маусым айында өткізілмек, оның тақырыбы адам капиталын дамыту болады.