Басты жаңалықтар
Ар-ожданды басшылыққа аламыз: ҚР Жоғарғы сотының басшысы өзінің қызметкерлеріне ақыл-кеңес берді
- автор kyn.kz
- 14 тамыз, 2018
- 258
Қазақстан Республикасының Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов қазақстандық судьяларға кәсіби және жеке жауапкершілік тақырыбында төртінші үндеуін жолдады.
Асанов еске салып өткендей, әрбір судьяны тағайындаған немесе судьялыққа ұсынған Елбасы мемлекет атынан сот төрелігін іске асыруды сеніп тапсырды. Бұл туралы Спутник ақпарат агенттігі жазды.
Сол себепті судьялар президент алдында да, қоғам алдында да, әрбір азамат алдында да кәсіби жауапкершілік арқалайды. Халықтың сапалы сот төрелігіне сұранысын қанағаттандыру – олардың күн сайынғы міндеті.
"Жақындарымыз бен туыстарымыз алдында да жеке жауаптымыз. Судья ретінде де, тұлға ретінде де олардың алдында арымыз таза, беделіміз кіршіксіз болуы тиіс. Сондықтан сіздерге өтініш – кеңесу бөлмесінде қалып, сот шешімін шығарғанда тым болмаса бір рет іштей қайталаңыз: "Мен заңды және ар-ожданды басшылыққа аламын", — деп кеңес берді Жоғарғы сот төрағасы қол астындағы қызметкерлеріне.
Сондай-ақ Асанов өзінің және өзге де судьялардың жұмысына объективті баға беру үшін әлеуметтік желілерді бақылап отыратынын айтты. Жоғарғы сот төрағасы негативті пікірлерге де түсіністікпен қарайды, оларды қолға алған шаралардың дұрыс-бұрыстығын көрсететін компас ретінде қабылдайды. "Рас, кейде "диван блогерлері" жағдайды ушықтырып жібереді. Бірақ, мәселе олар жайлы емес. Мәселе соттың заңсыз шешімдерінен зардап шеккен; жеке қабылдауыма кіре алмай жүрген; жекелеген судьялар мен жалпы жүйеміздің кемшіліктерін ашып көрсетіп жүргендер жайлы. Сот саласына жаны ашып, шырылдап жүргендер туралы. Мұның бәрі біздің жұмысымызға берілген шынайы баға", — дейді ол. Келесі мақала