Басты жаңалықтар
Атақты күйшінің тоны тоқсан жылға жуық уақыт сақталған
- автор kyn.kz
- 9 маусым, 2018
- 937
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Әлшекей Бектібайұлы атындағы өнер мектебінің мұражайында тоқсан жылдай бұрын елімізге белгілі күйші Әлшекей Бектібайұлы киген тон қаншама уақыт өтсе де сол күйінде сақталып келеді.
Белгілі күйші Әлшекей Бектібайұлы 1847 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Бектібай сазы деген жерде дүниеге келген. Ол 50-ден астам күй шығарған. 1932 жылы Тәжікстанның Қорғантөбе аймағында дүние салған.
Дерек көздеріне сүйенсек, бұл тон Тәжікстан елінде тігілген. Отызыншы жылдардың басында өкімет күйшінің мал-мүлігін алып, өзін жер аудармақшы болады.
Жалпы, ол кісі күйшілігімен қатар тақымы мықты шабандоз, күші мығым палуан болған. Өзіне қиянат көрсеткелі жатқанын естіген Әлшекей жүгін бірнеше нарға артып, Өзбекстанға бағыт алады. Одан кейін Тәжікстан жерінде тұрақ табады.
Тәжік топырағында жүргенде ортаншы ұлы Дәнебектің әйелі Күлпат бірнеше қой терісін илеп, осы тонды тігіп шығарады. Оны сол жерде көп өсетін анардың қабығын қайнатып, содан шыққан бояумен бояйды. Бұл 1931 жылдың шамасы. Дегенмен бұл тонды ұзақ кию атақты күйшінің маңдайына жазылмаған екен. Ол келесі жылы жат жерде 85 жасында көз жұмады.
Атақты күйшінің тері сіңген тонның одан кейінгі жағдайы былайша өрбиді. Күйші қайтыс болғаннан кейін тон үлкен қызы Бейсенкүлдің күйеуі Нәбиге беріледі. Құнды жәдігер алпыс жыл бойы сол отбасында сақталады. 1992 жылы Бейсенкүл қайтыс болады.
Содан кейін тонды немересі Мейірбек біраз уақыт киіп, 2010 жылы тарихи жәдігер ретінде сақтауға Дәнебектің Жидебай есімді ұлынан туған шөбересі Оңғарға табыс етеді. «Көне дүние емес пе? Тон маған жеткенге дейін біршама ескірген екен. Аздап кірлеген секілді.
Бейсенкүл апамыз қанша жыл бойы атамыздың тонын көзінің қарашығындай сақтап келген. 2010 жылы химиялық тазалауға бердім. 2012 жылы аудандағы Әлшекей атындағы өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбай атамыздың 165 жылдығына орай күйшілер байқауы өтетінін жеткізді.
Ақылдаса келе бұл тонды өнер мектебінің мұражайына табыс етуді жөн көрдік», - дейді Оңғар. Қаншама жылдың жүзі болса да тарихи құндылық ретінде өнер мектебінің мұражайының төрінен орын алған тон көрген адамдарға ерекше қызығушылық туғызады.
Өнер мектебінің мамандары осындай жәдігерлер қатарын молайтуға назар аударып келеді. Әділжан Үмбет