Денисті өлтіргендерді жақтаған мұғалімнің ісіне қатысты тың деректер шықты
- автор kyn.kz
- 31 тамыз, 2018
- 266
Денис Тенді өлтірген қылмыскерлерді жақтап, желіге видео салған Шерхан Байзенов бүгінде жұмыстан шеттетілді. Ол заңгер жалдап, сотқа қызу дайындалуда.
"Тергеу әлі аяқталған жоқ. Байзенов адвокат жалдады, ол сотқа дайындалып жатыр", — деді Зеленов аудандық білім бөлімінің жетекшісі Серік Сафиуллин.
Оның айтуынша, Байзенов 13 тамызға дейін еңбек демалысында болған.
Ол демалыстан шыққан күні сотқа дейінгі тергеу және сот кезіндегі уақытқа жұмыстан шеттетілді.
Жұмыстан шеттету туралы бұйрықты мектеп директоры еңбек кодексінің 48-бабы негізінде шығарған.
Сафиуллин атап өткендей, Шерхан Байзенов 1 қыркүйекте де жұмысқа шықпайды.
Естеріңізге сала кетсек, Шерхан Байзенов 20 шілде күні Instagram желісіндегі жазбасында Денис Теннің суретін жариялап, "сол қытайды өлтірген" қылмыскерлерді жақтап сөйлеген еді.
Әлеуметтік желі қолданушыларының толассыз шағымынан кейін полицейлер мұғалімді ұстап, қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-тармағы "Әлеуметтік, ұлттық, тектік, нәсілдік немесе діни алауыздық тудыру" бойынша іс қозғады.
Кейін күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Ұсталғаннан кейін Байзенов қазақстандықтардан кешірім сұрап, видеоүндеу түсірді.