Басты жаңалықтар
Павлодар облысында екі оқушы бірге бесінші қабаттан секіріп кетті
- автор kyn.kz
- 13 қыркүйек, 2018
- 236
Екібастұзда биіктіктен құлаған қыздардың біреуі оқиға орнында қайтыс болды, екіншісі ауыр жағдайда ауруханада жатыр
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті нақтылағандай, қайғылы оқиға түнгі сағат 3:16-да Бауыржан Момышұлы көшесінің бойындағы бес қабатты үйде болған. Қаза тапқан қыз №23 мектепте оқыған, ал екіншісі – №9 мектептің оқушысы екен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Элмира Темірғалиеваның ақпаратынша, қыздардың біреуі жедел жәрдем көлігінде жан тапсырған. Ал екіншісі қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
"Жағдайы тұрақты ауыр", — деді баспасөз хатшысы Элмира Темірғалиева.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі де аталған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Оқиға сабақтан тыс уақытта болған. Мектеп барлық баланы үнемі бақылауда ұстай алмайды. Балаларға, ең алдымен жақындары жауапты. Жақын арада мектептерде ата-аналармен жиналыс өтеді, ал жоғары сынып оқушыларымен психологтар жұмыс істейді", — деп хабарлады Екібастұз әкімінің баспасөз қызметі.
Екібастұз білім бөлімінің басшысы Жанат Ибраевтың айтуынша, екі оқушы да трагедия күні Бауыржан Момышұлы көшесінде тұратын құрбыларының үйінде қонақта болған.
"Қыздар құрбы болатын. Екеуі де толық емес отбасыдан шыққан. Қаза тапқан қыз "қиын бала" ретінде кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі бөлімде бір жыл есепте тұрғаны белгілі. Осы уақыт бойы ол бақылауда болған, ешқандай заң бұзушылық байқалмаған соң, тамызда есептен алынды. Кеше сабағына да келген еді", — деді Ибраев.
Білім бөлімінің ақпаратынша, ведомство мамандары мен қамқорлық органдарының өкілдері үш қыз оқыған мектептердің басшылығымен әңгіме жүргізеді. Келесі мақала