Басты жаңалықтар
Қыргүйек: Мектеп оқулықтарындағы өрескел қателіктер ата-аналардың ашуына тиді
- автор kyn.kz
- 14 қыркүйек, 2018
- 798
Білім және ғылым министрлігінің бекітуімн шыққан көптеген кітаптарды оқушылар тұрмақ, ата-аналардың өздері түсінбейді
Алмагүл Әліпбаева бала тәрбиесіне баса мән береді. Қызына берілген оқулықтар жаға ұстатты дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы жазды.
Атышулы кітапта: «Жақында біздің сыныпқа жаңа оқушы келді. Есімі – Майкл. Оның ата-анасы біздің елге жұмыс бабымен көшіп келген. Онда тұрған не бар дерсіз. Бірақ олай емес. Ол – африка тектес ресейлік. Қазақстан үшін біртүрлі естілетін шығар. Ал Семей қаласы үшін бұл Жалын құсын көргендей»,- деп жазылған екен.
Туған қаласын өркениеттен жырақ, көштен қалып қойған орын ретінде көрсеткен шығарманы мұғалімнің жаттауға бергені ақылға қонымсыз деген пікірде.
«Қара ұлтты баланы көрген кезде түрпідей тиіп, баланы мазақтап онымен ешкім дос болмайды деген сөйлемдер кездеседі. Сонда бұл біздің қаламыздың беделін түсіріп оқушыға қандай тәрбие береді? Жалпы оқушының ойында қандай ой қалады?» – дейді қала тұрғыны Алмагүл Әліпбаева.
Оқулық 2017 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігің тапсырысы бойынша басылып шыққан. Бұл ақпаратты естіген қоғам белсендісі Ерлан Шаяхметұлы да ашу үстінде. Руханияттың астанасына айналған қалаға «артта қалған» деген айдар тағу масқара, дейді.
«Оқулықта көрсетілген семейліктер үшін деп біздің намысымызға тиетіндей сөздерге, осындай бір қаланың бола ма, адамдардың намысына тиетін сөздерге абай болсақ екен осындай оқулықтарға кіргізер кезде. Бұл сонда қандай сараптаудан өтеді? Осыған үкіметтің тарапынан, Білім және Ғылым министрлігі тарапынан арнайы мамандар бөлініп, осыны тексерістен өткізсе екен. Себебі «семейліктер үшін» дегені бізді төмендетіп тұрғандай әсер беріп тұр маған», – дейді қоғам белсендісі Ерлан Әмірбеков.
Оқулықтардың бағдарламасы мен құрылымын зерттеп жүрген Гүлнәр Мамаева мәтіндерде қателіктер өріп жүр дейді. Оған дәлелі де бар. Бұл проблемаға бірінші керекте авторлар кінәлі екенін айтады.
«Балаларға арналған қанша жазушылар бар. Олардың еңбектерін алып отырған жоқ. Мәтіндерде қазіргі заманда жұлдыз атанып жүрген, тіпті, өзінің жеке басын алып жүре алмайтын кейбір адамдар туралы мәтіндер берілген. Бұл не деген сұмдық?!» – дейді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнәр Мамаева.
Мамандардың жоғарыда айтылған пікірімен депутаттар да келісіп отыр. Жыл сайын оқу-ағарту бағытына қыруар қаражат бөлінеді. Бірақ, істің оңалғаны байқалмайды дейді.
«Мысалы менің бірінші сыныпқа екі ұлым барды. Ана оқулықтарды көріп отырып, көзіңе жас келеді. Айтуыңыздың өзегі бар. Себебі бірінші сыныптың баласы оқи алмайтын материалдар бар. Мысалы, басына сыйымсыз дүниелер бар. Үйге беретін тапсырмалары бір нарға жүк болатындай ауыр. Сондықтан мен сіздің дәйектеріңізге толықтай келісемін», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова.
Оқулықтардың мазмұнын ұқпай басы қатқан ата-аналар баспаның да ойына келгенін істейтініне өкпелі. Бұдан бөлек жалпы өндірістік қателіктермен қатар стандарттар пен типтік бағдарламалардағы кемшіл тұстар балаларды таза сауатсыздыққа апарады . Бұл мамандардың пікірі.
«Көбіне осы оқулықтар, оның ішінде қазақ тілді оқулықтар бар, шетелдегі инклюзивті балаларға арналған оқыту жүйесін негізге алып отыр. Инклюзивті балалар дегенде біз ақыл ойы-дамымаған балаларды айтып отырмыз. Ал енді осы ақыл-ойы дамымаған балалардың бағдарламасын ақыл-ойы сау балаларға енгізу қасақана жасып отырған қастандық па? Бұл не нәрсе екені маған түсініксіз!» – дейді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнәр Мамаева.
Кітаптағы қателіктер бүгінде қалыпты жағдайға айналғандай. Өзін өзі тану пәнінде балалар семейліктердің қара нәсілді баланы көріп таң қалатындары жайлы оқыса, қазақ тілін үйреніп жатқан жеткіншектер әлі күнге күздің алғашқы айы «қыркүйек» деп пе, әлде «қыргүйек» деп дұрыс жазыла ма деп бас қатыруда. Ал ата-аналар болса білім және ғылым министрлігінен балаларды балаң күнінен шатастырмай, сауатты әрі сапалы кітаппен қамтамасыз етуді сұрап отыр.