Басты жаңалықтар
Ақтөбеде орамалға байланысты үш оқушының әкесі қамауға алынды
- автор kyn.kz
- 18 қыркүйек, 2018
- 542
Ақтөбеде қыздарын мектепке орамалмен кіргізуді талап еткен үш азамат қамауға алынды. Олар мектеп формасы жөніндегі ережелерді орындаудан бас тартып, қарсылық көрсеткен.
Бұл туралы 31 арнаға сілтеп, KYN.KZ сайты.
Алайда, мұндай жаза бірінші рет қолданылып отыр. Естеріңізде болса, ережеге мойынсұнбаған ата-аналарға айыппұл салынып келген еді, енді оларға қатаң жаза қолданылды.
«Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Құдайбергенов, Шоққозов және Өтеәлиев сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шоққозов 3 күнге, Құдайбергенов – 5, Өтеәлиев – 3 күнге қамауға алынды»,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Анар Айтжанова.
Ақтөбе мектептерінде орамал киген оқушыларға қатысты дау-дамай бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Ата-аналар сотқа жүгінгенімен, бірақ одан еш нәтиже шықпады. Өткен жылы қыста жағдай ушығып, үлкен шуға айналған болатын.
Ол кезде бір топ әйелдер мектеп табалдырығына келіп, дұға етіп, наразылықтарған білдірді. Содан кейін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әкімдерден осы дауды шешуді талап етті. Жергілікті шенеуніктер осы мәселеге қатысты жұмыс жүргізіп, үлкен нәтиже шығарды.
Сол кезде мектеп формасына қарсылық көрсеткен 396 адамның тек 49-ы ережеге мойынсұнбаған болатын.
Бірақ, соңғы оқиғадан көріп отырғанымыздай әлі де қақтығыстар қарқынды дамып келеді. Тіпті, қарсылық көрсеткен әкелердің қамауға алынуы да нәтиже бермеді.
Өйткені бүгінгі күні олардың қыздары мектепке мүлдем келмеді. Ақтөбедегі 31 мектепте ата-аналары мектеп формасын кию ережесінен бас тартқан 12 қыз бар. Мектеп директорының сөзінше, 1 қыркүйектен бері үш оқушы қыз сабаққа мүлде қатыспаған.
«Ер адамдар күш қолдануда. Олар есікті күшпен ашып, балаларын итеріп кіргізеді. Біз оқушыларды қабылдаудан бас тарта алмаймыз немесе оларды шығара алмаймыз»,-дейді Ақтөбе қаласындағы № 31 орта мектептің директоры Сәуле Баймағамбетова.