Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Шымкентте 3 жасар балақай сушиден ажал құшты

Шымкентте 3 жасар балақай сушиден ажал құшты
ашық дереккөз
Шымкентте үш жасар қыз өлгеннен кейін дәмханада тексеріс жүргізіліп, бүгін нәтижесі белгілі болды
Марқұм бүлдіршіннің анасы ғаламтор арқылы алдырған суши мен пицца құрамынан микроб табылғанын айтты. Аталған микроб ішек таяқшаларында кездесетін бактериялардың протей атты түріне жатады екен. "Зиян шеккендер кешкі уақытта интернет арқылы тамаққа тапсырыс берген. Біз осы тапсырысты орындаған дәмхананы тексердік. "Филадельфия" сушиі жасалған азық-түліктің құрамында ішекте жайылатын бактерия бары анықталды", — деді Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілі. Сондай-ақ, микроб балада ғана емес, ананың қанынан да табылыпты. Мұнымен қатар, мамандар үш жасар қыз тамақтанған дәмхананы да тексерді. Бактериялық зерттеу жүргізу үшін пиде, сүт пен бананнан жасалған көктейль және ет алынған еді. Бұл тағамдардың құрамы таза болып шықты. Кейін осы дәмханада жұмыс істейтін бес қызметкерде стафилококк бактериясы бары белгілі болды. Қызметкерлердің екеуі — аспаз, қалғандары — аспаз көмекшісі, ыдыс жуушы және кондитер. Департамент аталған дәмханада жұмыс істейтін 15 қызметкер және суши мен пиццаны тиісті жерге жеткізіп отыратын 3 адам жұмыстан шеттетілгенін айтты. Олардың медициналық кітапшалары болмаған екен. Сондай-ақ, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге міндеттелді. Тексеру жұмыстарының нәтижесі ішкі істер органдарына берілді. Дәл қазір тәуелсіз сарапшылар Шымкенттегі инфекциялық ауруханада тексеріс жүргізіп жатыр. Естеріңізге сала кетсек, жуырда Шымкент қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде үш жасар қызының дәмханаға барғаннан кейін қайтыс болғаны туралы жазды. 9 қыркүйек күні таңертең анасы мен баласы тоқтамай құсқан. Әйел аурухананың инфекциялық бөліміне жатқызылды, ал қызды дәрігерлер аман алып қала алмады. Осы жағдайдан бір күн бұрын анасы мен қызы дәмханада түскі ас ішіп, кейін ғаламтор арқылы суши мен пиццаға тапсырыс берген.  
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар