Қарағандылық келіншек күйеуінің бұрынғы әйелі мен балаларын сабап тастады
- автор kyn.kz
- 24 қыркүйек, 2018
- 244
Олар пәтер иесі, оның әпкесі мен балаларын ұрып кеткен.
"Күдікті белгісіз әйелдермен бірге есігін қағады. Үйді жәбірленушінің ұлы ашқан соң, әйелдер ішке еніп кеткен. Күйеуінің бұрынғы әйелін көрген келіншек "Неге сен тоқтаусыз менің жұбайыма телефон шала бересің?" деп айғайлап, оның шашына тап берген екен. Онымен қоса, күдікті әлгі әйелді балағаттап тастаған", - деп хабарлады облыстық ішкі істер департаменті.Жәбірленушінің әпкесі мен оның қызы жанжалды тоқтатқысы келген. Алайда ашуға булыққан әйелдер оларды да ұрып тастапты. Осы уақытта айғайлаған дауысты естіп, көршісі көмекке жүгіріп келген. Бұл кезде келіншек пен оның сыбайластары қашып үлгерген. Есін жинаған әйел бірден полицияға жүгінген екен.
Құзырлы орган қызметкерлері бұл жағдайға қатысты 149-баптың 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, Сәтпаев қалалық сотына жолдаған.
Сотта күдікті өзінің әрекетін мойындамай, пәтерге бармағанын, ешкімге қол көтермегенін айтқан. Дегенмен оқиғаның куәгері болған көршісі әйелді танығанын жеткізіпті.
"Мен дүкеннен түнде келе жатқанмын. Подъезге кіргенімде жоғары қабаттағы көршілердің айғайлаған дауысын естідім. Есік кішкене ашық тұрған екен, сол кезде мен балағат сөздер айтқан үш әйелді байқадым. Содан соң оларға "Сендер не істеп жатырсыңдар?" деп айғайладым. Менің даусымды естіген соң әйелдер пәтерден шығып, қашып кетті. Ал үйге кіргенде мен соққыға жығылған әйел мен оның әпкесін, жылап жатқан балаларды көрдім. Дәлізде барлық заттар шашылып жатты" ,- деді сотта куәгерлік танытқан көршісі.Жәбірленуші сотта шабуыл жасаған келіншек бұрынғы күйеуінің әйелі екенін айтты. Сондай-ақ, ол бұрынғы күйеуімен сөйлеспейтінін, ал балалары үнемі хабарласып тұратынын жеткізді.
Іске қатысты барлық дәлелдер жиналған соң, сот күдіктінің кінәлі екенін анықтап, бір жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.