Басты жаңалықтар
Алматыда полицейлер 7-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарды
- автор kyn.kz
- 11 маусым, 2018
- 253
Екі полиция қызметкері әйелді қалай өлімнен арашалап қалғанын баяндап берді
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 102 кезекші нөміріне Алмалы ауданындағы көпқабатты үй тұрғындары хабарласқан. Олар 7-қабаттан әйел адам секірмек болып жатқанын айтты. Оқиға орнына «Буран - 075» экипажы жедел жіберілді.
«Полиция лейтенанты Еркебұлан Қаржаубаев пен аға сержант Думан Қуатбеков оқиға орнында шұғыл әрекет етуі керек болды. Олар көрші пәтер арқылы кіріп, көршілес балкон арқылы әйелмен тілдеспек болған. Алайда, ол полицияның сөзін құлаққа ілмеген», - деді жергілікті полиция қызметінің жол-патруль полкі командирінің орынбасары Манап Саттаров.
Тәртіп сақшылары тілдесуден түк шықпаған соң басқа әрекетке көшкен. «Біз бір қабатқа жоғары көтерілдік. ТЖД мамандары маған сақтандыру белдігін тағып берді. Жоспар бойынша мен 8 қабаттан 7-қабатқа түсіп, белбеу арқылы пәтерге кіруім керек еді.
Ал менің әріптестерім сол кезде әйелдің назарын өзіне аудару үшін пәтердің қоңырауын басты. Әйел сол кезде терезеден ары қарай кеткен кезде мен ішке кірдім. Ол терезеге қайта жүгіре бастады. Мен тыныштандыруға тырыстым.
Әйелдің өте қатты күйзелісте екендігі байқалды. Есік ашылған кезде ар жағында полиция мен медициналық қызметкерлері оған көмек көрсетті», - деді лейтенант Қаржаубаев.
Полковник Саттаровтың айтуынша, бұл алматылық полицияның күнделікті жұмысының бір көрінісі ғана. «Белгілі болғандай, 37 жастағы әйел психо-неврологиялық диспансерде есепте тұр. Қазір оған психологиялық көмек көрсетіліп жатыр», - деді Манап Сатаров.
Келесі мақала