Басты жаңалықтар
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Шымкенттің қыздарына керемет деген баға берді
- автор kyn.kz
- 1 қазан, 2018
- 746
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Шымкент қаласы туралы ойын айтты
Арыстанбек Мұхамедиұлы Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында елімізде шоу-бизнестің қалай дамып келе жатқандығы туралы былай деп жауап берді.
«Мен журналистерден үнемі осы сұрақты күтемін. Бірақ қазір біздің эстрада деңгейі көтеріліп келе жатыр. Бұрындары ірі шараларға шетелдік әртістерді шақырсақ. Қазір біздің әртістер олардан асып түседі. Өзім, мәселен, «Мұзарт» тобын, Әміре мен Димашты сүйіп тыңдаймын. Ал Қайрат Нұртас алыс-жақын елдерге концерттермен барып жүр», деп жауап берді.
Қазақстанның талантты жастары сыртқа кетпеудің алдын қалай алуға болады дегенге министр керісінше әнші, актерлердің түрлі елдерге барып, тәжірибе жинап келуін қолдайтынын жеткізді.
«Ал оларды елге қайтару – біздің міндет» деп атап өтті ол. Айтуынша, Канн фестивалінің Алтын бұтақ иегері Самал Еслямова осы күнде отандық фильмдердің біріне түсіп жатыр.
Өзінің күн тәртібіне тоқталған министр таңғы жетіде тұрып, шамалы жаттығу жасап, одан кейін жұмысқа дейінгі уақытын әдеби қазақ тілі мен ағылшын тілін үйренуге жұмсайтынын айтты.
Сізді өте жұмсақ басшы деп атайды, «өзіңізді қатал деп санайсыз ба?» деген сауалға Мұхамедиұлы:
«Осында бірге жүргесін айта береді ғой. Мен жұмсақ адам болуым мүмкін, бірақ жұмыстың аты жұмыс. Жауапкершілік пен парыз бар. Дегенмен мен бақытты адаммын. Себебі сүйікті ісіммен айналысамын және қасымда мықты ұжым бар», – деді.
Ведомство басшысы журналистің жалақы көлемі туралы қойған сауалына да ашық жауап берді. Ол ешқандай құпиясы жоқ екенін және салықты уақытылы тапсырып тұратынын айтып, еңбек өтілі, атақтары, басқасын қосқанда, нәпақасы 980 мың теңгені құрайтынын жеткізді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы Жүргенев атындағы Өнер академиясын басқарып тұрғанда, түрлі лауазымды қызметтер ұсынылғанын, бірақ одан бас тартып, тек шығармашылық ортада дамығысы келгені туралы да тіс жарды.
Елбасы жиі қоңырау шала ма деген сауалға ол кейде президент қаттырақ батырып айтқанда, «аспанға ұшып кеткісі» келетінін, бірақ сонымен қатар мемлекет басшысы өте дана, көреген кісі, барлық дүниені аса мұқияттылықпен тыңдайтынын жеткізді.
Мәдениет және спорт министрі жатыпішерлерді жақсы көрмейтінін, ал Шымкент халқы өте еңбекқор, сөзден көрі, істі қалайтын адамдар екенін атап өтті. Журналистің «Ал Шымкенттің қыздары қандай?» деген сауалына ол «Керемет» деп қысқа қайырды.
Бойыңызда қандай өнер бар деген сұраққа Мұхамедиұлы Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектепті тәмамдап, ол жерде виолончель аспабында ойнауды меңгергенін, сондай-ақ жолдастары арасында домбыра мен гитарада ойнап, ән салатынын айтты.