Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Саяси астары жоқ". Қожаназаров әріптесі Берденовке жасалған шабуыл туралы ойын айтты

"Саяси астары жоқ". Қожаназаров әріптесі Берденовке жасалған шабуыл туралы ойын айтты
коллаж kyn.kz
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Шымкент әкімінің орынбасары, әріптесі Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты ойын айтты.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты пікір білдіріп, оның қазіргі жағдайы туралы ақпаратты бөлісті. Депутаттың айтуынша, Берденов ауыр жарақат алғанымен, өміріне қауіп жоқ, бірақ толық оңалуына уақыт қажет.

Жақсы деп айтуға ерте. Үш рет оқ атылғанын өздеріңіз білесіздер. Ондай шабуылдан тірі қалу өте қиын. Оңалту біраз уақыт алады. Өзім де қатты уайымдадым, – деді Қожаназаров.

Ол шабуылдың себептеріне байланысты айтылып жатқан нұсқаларға сенбейтінін, бұл жағдайдың тұрмыстық сипаттағы қылмыс деп есептейтінін жеткізді.

Меніңше, ешқандай саяси астары жоқ. Бұл жеке бас мәселесі. Қазіргі таңда Руслан әлі де нақты түсініктеме бере алмайды, – деді депутат.

Айдарбек Қожаназаров Руслан Берденовтің рухы мықты, қайсар азамат екенін атап өтті. Ол ауыр жарақаттан енді ғана айығып жатса да, қайта жұмысқа шығу туралы ойлап отырғанын мысал етті.

Кеше ғана ауруханада жатқан Руслан Берденов "жұмысқа бару керек" деп айтып отырды. Бұл – оның қаншалықты ерік-жігері мықты адам екенін көрсетеді. Мұндай азаматтар сирек кездеседі, – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін экс-депутат, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кеткенін хабарладық. Желіде Берденовке шабуыл жасалған жерден видео тарады.

Руслан Берденовтің жағдайы туралы Денсаулық сақтау басқармасы мәлімет берді. Сондай-ақ оны нақты не үшін атып кеткені айтылды.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар